260 мың отандасымыздың жеке мәліметі желіге тарап кетті

Sputnik
АСТАНА, 13 қаңтар – Sputnik. "Спортмастердің" деректер базасы қолды болды. ТМД елдерінде спорт тауарларын сататын дүкендер желісі тұтынушыларының жеке дерегі желіге тарап кетті. Соның ішінде 260 мың қазақстандықтың жеке басына қатысты мәлімет бар, деп хабарлады КТК.

Мемлекеттік техникалық қызметінің мәліметінше, дүкендер желісінен 2012-2018 жылдар аралығында тауар алған қазақстандықтардың аты-жөні, туған күні, телефон нөмірі мен электрон поштасы жалпақ жұртқа жария болған.
"Спортмастер" компаниясы деректер базасындағы мәліметтерді мердігерлердің бірі таратып жіберуі мүмкін деп отыр. Алайда олар клиенттердің логині мен паролі мен төлем картасына қатысты ақпаратына қауіп төнбегенін жеткізді.
Қазір компания ішкі тергеуді бастады. Кибершабуылдарды талдау және тергеу орталығының мамандары жеке азаматтардың басына қатысты дербес деректер үшінші қолға өтіп, соның салдарынан кәнігі алаяқтар арам ойын жүзеге асыруы мүмкін дейді. Сондықтан тізімде бар отандастарымызды сақ болып, күмәнді СМС-хабарлама мен сілтемені ашпауға шақырады.
"Егер сізге фишинг хат келсе, мәселен, "бір миллион теңге ұтып алдыңыз" деген, ол сілтемеге өтпеңіз немесе ол файлды ашпаңыз. Егер банктен немесе ішкі істер органдарынан біреу хабарласса, қандай мәлімет беріп жатқаныңызға мұқият болыңыз. Өйткені осы мәлімет кейін қолданылып, банк шоттарыңыздан ақша алынуы мүмкін немесе сіздің атыңызға нкредит алуы мүмкін. Көбінесе алаяқтар Қазақстанда емес, шетелде жұмыс істеп жатыр", - дейді TSARKA компаниясының кибер-саясат жөніндегі маманы Әмірсейіт Айтжанұлы.