Алматыда көпбалалы ана неге өз-өзіне қол салмақ болды - отбасымен сұхбат

Sputnik
АЛМАТЫ, 12 қаңтар – Sputnik. Алматыда 2 қаңтарда көпбалалы ана суицид жасамақ болды. Отбасындағы кикілжің туралы ерлі-зайыпты тарап Sputnik Қазақстанға айтып берді.
Оқиға 2 қаңтар күні болған. Бес баланың анасы отағасымен жанжалдасып, ақыры өзіне қол жұмсамақ болған.
"Жұмыста отырсам, сіңлімнің қызы маған "мама комада жатыр" деп звондады. Аяқ-қолым дірілдеп, көлігімді жүргізе алмадым. Рөлге жиенімді отырғызып, құстай ұшып сіңлім жатқан ауруханаға келдім. Келсем ол жансақтау бөлімінде жатыр екен. Дәрігерлер жағдайы ауыр деді", - деп баяндады Бағдагүл Әбет.
Бәрі Жаңа жыл қарсаңындағы құттықтаудан басталған. Whats App әлеуметтік желісінен келген смс хабарламаны көріп, отағасының көңілін қызғаныш кернеген.
"Мен әйелімді сүйемін. Оған неге басқа еркектер жазу керек? Ол адамның кім екенін де айтпады, одан кейін не ойлауым керек. Басқа ер адамдарға жаздырып қойып, қарап отырмаймын ғой, менде де намыс бар", - дейді Берік Раймахұнов.
Отағасының айтуынша, арадағы жанжалдан кейін жұбайы үйінде көрінбей кеткен. Әйелін іздеген Берік Раймахұнов қорада дыбыс естіп, сонда барады. Келіншегінің өз-өзіне қол салмақ болып тұрғанын көріп, оған қарай ұмтылады. Көтеріп жіптен шешіп алуға шамасы келмей, қораның бір тұсындағы ораққа жүгіріп барып, жіпті қиып үлгерген.
"Жедел жәрдемге хабарласты. Олар телефонмен қалай тыныс алдыру керектігін айтып отырды. Кеуде тұсынан қайта-қайта басып, жасанды тыныс алдырдым. Бетінен шапалақпен соғып, есін жидырайын дедім. Соның бәрін көріп тұрған балаларым "мамамды ұрмаңыз, мамамды ұрмаңыз" деп жылады", - дейді басы дауға қалған отағасы.
Ерлі-зайыптының шаңырақ көтергендеріне 25 жыл болған. Отбасында бес бала бар. Күйеуінен зәбір көрген келіншек ауруханадан 11 қаңтарда шықты.
Әйелдің көз жанары 30 процент көрмей қалған. Гүл Әбеттің айтуынша, мұндай жағдай бірінші рет қайталанып тұрған жоқ, әрі соңы да емес. Ол суицид жасарда балалары мен күйеуіне хат қалдырып, өзінің адал жар, аяулы ана болғанын жазған. Бұл хаттан Берік Раймұхановтың еш хабары болмаған.
"20 жылдан бері ылғи ұрады. Ол күні смс көрдім дегені жалған. Қызғанып, әр қадамымды аңдиды. Шаңырағым шайқалмасын деп бәріне шыдап келдім, бес бала дүниеге әкелдім. Бірақ ұрғанын қоймады, мені екінші қабаттан лақтырып жіберген кезі болды. Талға ілініп аман қалдым. Ауыр жарақат алмадым, бірақ денемнің бәрін ағаш тырнап кетті. Өмір бойы қызғанып, өтірік жала жапқанынан шаршадым", - дейді Гүл Әбет.
"Қызымыздың он күннен кейінгі жағдайы әлі дұрыс емес. Психикасы әбден тозып біткен. Бізге Гүл мен Беріктің ажырасқаны керек емес. Бес баласын шырылдатып, әкесіз қалдырайық деген ойымыз жоқ. Бізге бұлардың тату-тәтті болып жүргені керек", - дейді зәбір көрген әйелдің әпкесі.
Қазіргі күні Гүл Әбеттің денсаулығы әлі қалпына келмеген. Келіншек психологтар мен офтольмологтың көмегіне жүгінеді. Күйеуі татуласқысы келетінін айтып, қоғамнан араша сұрағанымен, келіншек үзілді-кесілді қарсы. Бұдан былай тату-тәтті отбасы бола алмайтынын айтып, заң жүзінде ажырасуға шешім қабылдаған.