АСТАНА, 11 қаңтар — Sputnik. Премьер-министр Әлихан Смайлов инфляция наурыз айында төмендейтінін айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Біздіңше, наурыз айында инфляцияның қарқыны бәсеңдейді. Содан бастап базалық мөлшерлемені түсіру керек. Сол кезде кредиттер бизнес үшін барынша қолжетімді болады", - деді Смайылов сауда және интеграция министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында.
Еске сала кетейік, бүгін Ұлттық банктің төрағасы Ғалымжан Пірматов 2022 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда жылдық инфляция 20,3%-ға жеткенін мәлімдеді.
"Жылдық мәнде инфляция 20,3%-ға жетті. Азық-түлік бағасының өсуі инфляцияға зор үлес қосып, жылдық көрсеткіш бойынша 25,3%-ға жетті. Жеміс-жидек пен көкөніс өнімдері қыс маусымына байланысты қымбаттады", - деді Пірматов үкімет отырысында.
Ал азық-түлікке жатпайтын инфляция 19,4%-ға дейін өскен. Импорттың жоғары үлесі бар тауарлар, оның ішінде жеке пайдаланатын тауарлар, жуатын және тазалайтын заттар, құрылыс материалдары, дәрі-дәрмек бағасы едәуір өскен.