Елбасы туралы заңның күшін жою мәселесі: мәжілісте бірлескен комиссия құрылды

Sputnik
АСТАНА, 11 қаңтар — Sputnik. Мәжілісте "Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы туралы" конститутциялық заңның күшін жою бойынша бірлескен комиссия құрылды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Төменгі палатаның бүгінгі отырысында бірлескен комиссияға бірнеше депутатты енгізуге ұсыныс жасалды.

"Парламент регламентінің 32-5-тармағына сәйкес, "Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы туралы" Конституциялық заңының күшi жойылды деп тану туралы" Конституциялық заң жобасы бойынша бірлескен комиссияның құрамына мәжілістен келесі депутаттарды ұсынамыз: Берік Бекжанов, Серік Ерубаев пен Ерлан Смайылов", - деді мәжілісмен Арман Қожахметов.

Қожахметовтың өзі осы заң жобасы бойынша қосымша баяндамашы ретінде белгіленді. Депутаттар тиісті қаулыны бірауыздан қолдады.
Ертең, 12 қаңтарда сенат бірлескен комиссияға өз мүшелерін сайлайды.
Айта кетері, Конституциялық сот "Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы" заң күшін жойды деп тануға шешім шығарды.
Бұған дейін мәжіліс спикері Ерлан Қошанов Елбасы туралы заңның күшін жою үшін парламент палаталарының бірлескен отырысын өткізу керектігін айтқан.
"Қаңтарда парламент палаталарының бірлескен отырысы шақырылады, сол жерде бұл мәселе қаралады", - деді Қошанов журналистерге берген сұхбатында.
Конституциялық заң күшін жойғаннан кейін, Назарбаев пен отбасы мүшелері барлық артықшылықтан айырылады.