АСТАНА, 11 қаңтар – Sputnik. Донецк халық республикасының бүкіл аумағын азат етудегі шешуші әрекет туралы ДХР басшысының міндетін уақытша атқарушы Денис Пушилин мәлімдеді, деп хабарлайды РИА Новости.
"Қазір Артемовск пен Северскті азат ету мүмкіндіктері айтарлықтай жақсарды. Бұл Краматорск, Славянск бағытындағы плацдармға шығудың көптен күткен мүмкіндігі. Бұл шын мәнінде шешуші әрекет. Қазір Донецк халық республикасын азат етуге дайындық жүріп жатыр", - деді Пушилин.
Оның айтуынша, Соледар, Артемовск, Северск қалалары азат етілгеннен кейін жаудың алдыңғы шебі жойылады.
"Соледар, Артемовск, Северскті басып алу арқылы біз шын мәнінде қарсыластың майдан шебін қиратамыз. Бұл бізге Горловка, Славянск бағыттары бойынша алға жылжуға және бір жерден тыл арқылы кіруге мүмкіндік береді. Белгілі бір уақытта және дұрыс әрекеттесу арқылы қарсыластың ұзақ уақыт бойы нығайып келе жатқан шебін бұзуға болады", - деп түсіндірді Пушилин.
Айта кетсек, бүгін "Вагнер" тобының басшысы Евгений Пригожин әскери топ бөлімшелері Соледар аумағын түгелдей бақылауға алғанын, қала орталығында шайқас жүріп жатқан аумақ құрылғанын айтты.