Астанадағы көпірлердің бірінің жігі сөгіліп кетті

Sputnik
АСТАНА, 11 қаңтар – Sputnik. Халық арасында "бүкір көпір" атанып кеткен Алаш тас жолындағы көпірдің сол жақ жабыны бүлінген, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Елордалық Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасының мәліметінше, көпір бұрын апатты деп танылған. Осыған байланысты жол өтпесінің оң жағы жөнделіп, 2022 жылдың жазында қозғалыс ашылған болатын.

"Көлденең асфальтбетон жабынының ішінара деформациясы жөндеу жүргізілмеген жол өтпесінің сол жағында пайда болды. Осыған байланысты жол учаскесі жол белгілерімен белгіленіп, қалпына келтіру шаралары жүргізілуде", - деп жазылған ведомствоның хабарламасында.

Сонымен қатар жол-құрылыс жұмыстары маусымы басталған соң жол өтпесінің сол жағы авариялық-қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу үшін жабылады деп жоспарланды.
Жол өткелінің зақымданған сол жағында көлік қозғалысы жақында жабылады. Соған қарамастан, автокөліктер үшін қозғалыс екі жаққа да қамтамасыз етіледі.