АСТАНА, 10 қаңтар – Sputnik. Бестөбе кенішінің жұмыс істемейтін шахтасының аумағынан заңсыз алтын іздеушінің мәйіті табылды, деп хабарлады "Алтыналмас АК" АҚ баспасөз қызметі.
Марқұмның 1982 жылы туған Өзбекстан Республикасының тумасы екені анықталды.
Оқиғаның куәгері – Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданында тұратын 1991 жылы туған ер адам қимылсыз жатқан ер адамның мәйітінкеншілердің демалыс бөлмесі маңынан тауып алған. Мәйіттің жанында тастар жатқан. Оның айтуынша, қаза тапқан адам 18 күн бойы шахтада болған.
Кейін жақын маңдағы Бестөбе ауылының тұрғыны болып келетін 1994 жылы туған сыбайласымен бірге олар мәйітті қапқа салып, жер бетіне шығарған.
Осы оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Айта кетері, кенішке иелік ететін "Алтыналмас АК" компаниясы Бестөбе кенішінің шахтасында құрамында алтын бар кенді заңсыз өндіру қауіпті екенін бірнеше рет ескерткен. Бүгінгі күні шахтадағы жұмыстар тоқтатылды:
электрондық және телефон байланысы ажыратылды;
шахталардың оқпандары жабылды;
жүру жолдардың люктері бітелді;
есіктер мөрленіп күзетке тапсырылды;
желдету жұмыс істемейді;
көтергіш қондырғылары жұмыс істемейді;
көтергіш қондырғыларды шұғыл іске қосу мүмкін емес.
Компанияның мәліметінше, кенішті жер асты сулары басып жатыр. Қауіпті жағдайларға, бірнеше рет ескертуге, тұрақты суық ауа райына қарамастан заңсыз алтын іздеушілер өз өмірі мен денсаулығына қауіп төндіріп жатыр.
Компания шахтаға заңсыз түсуден бас тартуға, ал шахтадағы алтын іздеушілерді шұғыл түрде оны тастап кетуге шақырады.
Өткен жылы мұнда 940-тан астам заңсыз алтын іздеуші ұсталып полицияға тапсырылды.