АЛМАТЫ, 10 қаңтар - Sputnik. Алматы облысы Жамбыл ауданының орталық ауруханасында есепте тұрған үш жасар Айзере Медетжанның туа біткен сырқаты бар. Алайда бұған қарамастан, мүгедектігі бар екені құжат жүзінде расталмаған.
Бүлдіршіннің анасы Sputnik Қазақстанға хабарласып, көмек сұрады.
Бүлдіршін үш жасқа келсе де, өзге балалар сияқты екі аяғын тік басқан емес. Әу баста мүгедектігі бар екенін растауға ата-анасы намыстанған. Баланың болашағына балта шабамыз ба деген үрей де болған.
"Қыз бала ғой деп мүгедектік алмадық. Бес балам бар. Үйде отағасы ғана жұмыс істейді. Қазір Отарда тұрамыз. Әрқашан Айзерені алып Алматыға барамыз. Бір адам үшін жолақысы 5000 теңге. Айзеренің емі де біз үшін арзан емес. Сол себепті мүгедектік алып, жәрдемақының пайдасы тиер деп ойладық", - дейді анасы Алтынгүл Байшігерова.
Алтынгүлдің айтуынша, қызының мүгедектігі бар екенін қағаз жүзінде растау үшін былтыр жаздан бері Отар мен Алматының арасында жүр. Дәрігерлер ары-бері сабылтып, әуреге салды, дейді ана.
"Алматыға келіп ауруханаға жатыңдар деді, жаттық. Ақпанда құжат жинайсыздар деген. Сол үшін Алматыға тағы келдік. Енді ақпанның аяғында келіңіздер дейді. Ары-бері жолдың өзіне қаражат керек, мазамыз кетті", - дейді Алтынгүл Байшігерова.
Ал дәрігерлердің өз уәжі бар.
"Медетжан Айзереге сол жақ аяғының тізе буынның туа біткен вальгус деформациясы диагнозы қойылған. Бір жылға дейін олар өз бетінше емделді, ортопедке қаралып 7 айға дейін аяғына лангет киген. Былтыр қараша айының басында анасына дәрігер Үсенова онлайн кеңес берді. Бірақ Айзеренің ата-анасы тарапынан мүгедектігі бар екенін рәсімдеу туралы ешбір өтініш айтылған емес", - дейді Жамбыл аудандық орталық аурухана меңгерушісі Дамир Әбдіхан.
Дәрігерлердің айтуынша, мүгедектік туралы анасы осы таяуда ғана айта бастаған.
25 қарашада қызға жедел ем көрсетіліп, ауруханада жатып шықты. Енді заң бойынша 4 айдан кейін екінші мәрте емделу керек, яғни бала ақпан айының соңында тағы ауруханада жатып ем алады. Қазір мүгедектігі бар екені туралы құжаттар дайындалып жатыр, дейді дәрігерлер.