АЛМАТЫ, 9 қаңтар - Sputnik. Түркістан облысында жоғалған қарияның мәйіті егістіктен табылды, деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылту ауылының тұрғыны, 1946 жылы туған Молдабек Игенбаев 5 қаңтарда үйінен шығып кетіп, қайта оралмаған. Іздеуге полицейлер мен еріктілер, атты ауыл тұрғындары атсалысты.
Қарияның суретін ұстаған тәртіп сақшылары әрбір үй, дүкен, адамдар көп шоғырланатын орындардан сұрастырды. Сондай-ақ қараусыз қалған ғимараттар, оқиға орнына жақын аумақтағы тау-тас, ой-қыр, егістік алқаптар жіті тексерілді.
Жоғалған қарияның мәйіті 8 қаңтарда сағат 17:00 шамасында “Шүрен төбе” егістік алқабынан табылды. Ер адамның денесінде ешқандай зорлық-зомбылық белгілері болмаған. Сот-медициналық сараптама мен тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.