Жапаров Қырғызстан $4,2 млрд сыртқы қарызынан қалай құтыла алатынын айтты

Sputnik
АЛМАТЫ, 8 қаңтар - Sputnik. Садыр Жапаров Қырғызстанның қарызы бар елдер мен донорларға ұсыныс жасады.
Ол несие берген елдер мен қаржы институттарынан Қырғызстан қарызын кешіруді сұрады. Қарыздың орнына Бішкек ГЭС салып, әлемдік экологияны жақсартуға үлес қосу міндетін алады.
"Біз жасыл экономиканы дамыту және әлемдегі экологиялық жағдайды жақсартуға бірлескен үлес қосу бастамасын көтеріп жатырмыз. Қазір Қырғызстанда 50 шағын және орта ГЭС құрылысы жүріп жатыр. Бірақ бұл да жеткіліксіз. Бізде дайын инвестициялық жобалар бар", - дейді Жапаров.
Көрші ел тәуелсіздік жылдарында жаңа су электр станциясын салған жоқ. Сондай-ақ қыста электр энергиясын сатып алуға мәжбүр, деп жазады Sputnik Қырғызстан.
Қазір айыр қалпақты ағайын өзінің гидроэнергетикалық әлеуетінің тек 10%-ін ғана пайдаланып отыр.
Айта кетері, Қырғызстанның сыртқы қарызы - 4,2 миллиард доллар.