Нұрлан Мәсімовке қатысты қылмыстық іс Павлодар облысының прокурорына қайтарылды

Sputnik
ПАВЛОДАР, 7 қаңтар – Sputnik. Павлодар облысының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық сотында полиция департаментінің бұрынғы басшысы Нұрлан Мәсімов, оның бұрынғы орынбасары Дамир Сиразидимов пен кәсіпкер Евгений Евковичке қатысты іс бойынша алдын ала тыңдау өтті, деп хабарлады облыстық соттың баспасөз қызметі.
"Іс бойынша қылмыстық-процестік заңнама айтарлықтай бұзылған. Нақтырақ айтсақ, сыбайластар арасында рөлдерді бөлуді сипаттау кезінде атқарушы мен ұйымдастырушының рөлі анықталмаған. Сотталушылардың қандай қылмыстық іс-әрекеттерінің салдарынан мемлекетке шығын келгені түсініксіз", - делінген соттың баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.
Сондай-ақ айыптау актісінде қанша қаржы ұрланғаны және қандай сомаға шығын келтірілгені анықталмаған. Бұл заңбұзушылықтар сот отырысын өткізуге кедергі келтіреді.
Қылмыстық-процестік кодекстің 323-бабына сәйкес қылмыстық іс олқылықтарды жою үшін Павлодар облысының прокурорына қайтарылған.
Айта кетсек, Павлодар облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет полиция департаментінің бұрынғы бастығы Мәсімовке, оның орынбасары Сиразидимовке және кәсіпкер Евковичке қатысты сотқа дейінгі тергеуді аяқтағаны хабарланған болатын.
Олар ауыр және аса ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыстар жасады деп айыпталып отыр.
Мәсімов пен Сиразидимов мемлекеттік сатып алуды өткізу және үлестес компаниялармен келісімшарттарға қол қою кезінде қамқорлығы үшін 90,3 млн теңге сомасында пара алды деген күдікке ілінді.
Сондай-ақ олар арт-тех қару-жарақ сатып алуға арналған 420 млн теңге бюджет қаражатын ұрлады деп айыпталып отыр.
Нұрлан Мәсімов - Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімовтің немере інісі. Ол шілде айында Ресеймен арадағы шекараны жалған құжаттар бойынша өтпек болғанда ұстады.