АЛМАТЫ, 7 қаңтар – Sputnik. Экономикаға ғылыми жаңалықтар енгізу үшін ғылым және технологиялық саясат заңы енгізіледі. Бұл туралы ғылым және жоғары білім министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында айтылды.
Ғылым және ғылыми-техникалық қызмет саласында мемлекеттік саясатты іске асыру жүйесін жетілдіру үшін ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңес құрылады.
"Біз алдағы 3-5 жылда ғылыми зерттеу техникалық қызмет жұмысын қаржыландыруды 1% ға дейін ұлғайту жөніндегі жұмысты жалғастырамыз", - деді ғылым және жоғары білім министрлігі ғылым комитетінің төрағасы Дархан Ахмед-Заки.
Комитет төрағасының айтуынша, ғалымдарды ынталандыру үшін министрлік жыл сайын 2000 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде 50 "Үздік ғылыми қызметкер" атағы берілетінін айтты. Сондай-ақ жас ғалымдарды тарту үшін 500 қазақстандық ғалым әлемнің жетекші ғылыми орталықтарына тағлым алуға жіберіледі.
Жиында цифрлық жоғарғы оқу орны туралы да айтылды. Бұл жоба оқу орындарының бірыңғай экожүйесін қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар оқу орындарында инклюзивті білім беру мәселесі де айтылды. Олардың айтуынша, мүгедектігі бар азаматтарға жоғарғы оқу орындарында сапалы білім алуға барынша мүмкіндік жасау керек.