Арқалықта бесінші қабаттан полицейдің үстіне құлаған қыз аман қалды

Sputnik
АЛМАТЫ, 7 қаңтар - Sputnik. Арқалықта бесінші қабаттан құлаған қызды полицей аман алып қалды, деп хабарлайды Polisia.kz.
Оқиға 7 қаңтарда таңғы сағат 05:30-да болған. Қаланың жедел басқару орталығына тұрғындар хабарласып, балконда қыздың ілініп тұрғанын айтқан. Куәгерлердің айтуынша, ол балконның сүйенішінен ұстап үлгерген.
Оқиға орнына жедел жеткен патрульдік полиция қызметкерлері Алмат Әмірхан мен Руслан Капсаматов қызды құтқаруға кіріседі. Полицейдің бірі сыртта қалып, екіншісі бесінші қабатқа көтеріледі.
Осы кезде ілініп тұрған қыз бесінші қабаттан құлап түскен. Ол төменде тұрған полиция қызметкерінің үстіне құлаған. Осының арқасында 29 жастағы қала тұрғыны зардап шеккен жоқ.
Қызды ажалдан алып қалған Алмат Әмірхан бірнеше жерден жарақаттанған, оған медициналық көмек көрсетілді.