Жүрекке жара салған қаңтар қасіретіне бір жыл толды

Sputnik
АСТАНА, 5 қаңтар – Sputnik. Осыдан тура бір жыл бұрын Қазақстанда жаппай тәртіпсіздіктер басталды. Алғашында бейбіт митингтер өтті. Алайда артынан бірқатар өңірде кәдімгі анархия басталып кетті, дүкендер тоналды, қарақшылар көбейді. Жүздеген адам оққа ұшты. Sputnik Қазақстан қаңтар оқиғасының қалай басталғанын еске алды.

Халық Жаңаөзен үшін алаңдады

Жыл басында сұйытылған газды аукцион арқылы сатудың нәтижесінде баға күрт көтеріліп кетті. Автогаздың бір литрі 120 теңге дейін қымбаттады. Содан Жаңаөзенде жүргізушілер жиналып, өз наразылығын білдіре бастады. Алаңда халық топтасып, жолды жауып тастады. Олардың видеосы жан-жаққа тарап кетті.
Артынан наразылыққа Ақтау, Құрық, Ақшұқыр және тағы басқа аудандардың тұрғындары қосылды. Жаңаөзенге жаяу шыққан мұнайшылардың видеосы да тарады. Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев пен президентке бірнеше рет бейнеүндеу жолданды.
Сол кезде энергетика министрлігі мен облыс әкімдігі газ бағасын түсіре алмайтынын мәлімдеді. Себебі газбен жүретін көліктер көбейіп, шикізатқа сұраныс артқан. Ал 1973 жылғы зауыттың құрал-жабдықтары 90 процентке тозған.
Сол кездегі министр Мағзұм Мырзағалиев те арнайы брифинг өткізіп, сұйытылған газ бағасының неліктен қымбаттағанын түсіндірді. Оның штаттан тыс кеңесшісі Олжас Байділдаев бағамен келіспейтіндерге автобуспен жүруге кеңес берді. Сарапшының осы сөзі желіде кеңінен тарап, халықтың наразылығын күшейтті. Министрдің кеңесшісі көп ұзамай, қызметінен босатылды.
Ал басқа өңірлердің тұрғындары Жаңаөзен үшін алаңдады, 2011 жылғы жағдай қайталанады деп қорықты. Содан Алматы, Ақтөбе, Ақтау, Атырау, Қарағанды, Шымкент, Көкшетау, Орал және тағы басқа қалаларда адамдар жиналып, Жаңаөзенді қолдауға арналған видеолар жолдай бастады. Тоқаев үкіметке газ бағасына қатысты мәселені шұғыл шешуді тапсырды. Үкіметтік комиссия Ақтауға аттанды.

Газ бағасы төмендеді, бірақ халық тарамады

Алдымен үкімет газ бағасын 85-90 теңгеге түсіре алатынын хабарлады. Ал 4 қаңтарда үкіметтік комиссия Ақтау қаласындағы Ынтымақ алаңына шығып, Маңғыстау облысындағы сұйытылған газдың бағасы 50 теңгеге төмендейтінін мәлімдеді. Сондай-ақ алаңға шыққан адамдарды жазаға тартпауға уәде берді.
Алайда Жаңаөзенде жиналған халық тарамады. Газ бағасынан кейін басқа саяси талаптар қойыла бастады. Адамдар Назарбаевты биліктен шеттетуді талап етті.
Әлеуметтік желіде Ақтауда түсірілген видеолар да кеңінен тарады. Көлік жүргізушілері әскери КамАЗ-дарды тоқтатып, ішінен қара киім киген адамдарды шығарып алған. Сосын бәрін қоршауда ұстады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев алдымен Twitter арқылы халықты сабырға шақырды. Одан кейін республикалық телеарналар арқылы бейнеүндеу жолдауға кірісті. Сол кезде халық жағдайдың қиындап кеткенін түсінді.

Төтенше жағдай енгізілді

Сол күні Алматыдағы президенттік саябақ пен "Алматы Арена" жақта жүздеген адам жиналып, Мұстафин көшесімен төмен қарай жүре бастады. Абай мен Төле би көшесінде де халық жиналды. Барлығы орталыққа бет алды. Полициямен текетірес болды. Ал 5 қаңтарға қараған түні жаппай тәртіпсіздіктер басталды. Наразылыққа шыққандар полиция көліктерін өртеп, дүкендердің тас-талқанын шығарды.
Алматыда мобильді интернетті өшіріп тастады. Одан кейін республика бойынша байланыс үзілді. Адамдар қолма-қол ақша іздеп кетті. Әсіресе, Алматы қаласындағы жағдай қиын болды. Мемлекеттік нысандар отқа оранды. Әуежайды басып алды. Дүкендер мен банктер тоналды.
5 қаңтарда түнде Алматы қаласында және Маңғыстау облысында төтенше жағдай енгізілді. Ертесінде төтенше жағдай режимі барлық республикаға қолданылды. Лаңкестікке қарсы операция басталды.
Сол күні Тоқаев Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымына үндеу жолдап, бітімгерлік әскерді кіргізуді сұрады. Барлығы қолдау білдірді. Қазақстанға 2 мыңнан астам бітімгер жіберілді. Олар келген бойда стратегиялық маңызы бар нысандарды күзетуге кірісті. Ал қазақстандық әскерилер мен полицейлер тәртіп орнатуға күш салды.
7 қаңтарда Тоқаев халыққа тағы үндеу жолдап, бірнеше қалада тәртіп орнатылғанын мәлімдеді. Бандиттер мен лаңкестермен ешқандай келіссөз жүргізілмейтінін қадап айтты. "Олардың көзі жойылады", - деді Тоқаев.

ҰҚК-ның экс басшысы мен министр ұсталды

Қаңтар оқиғасы кезінде үкімет басшысы Асқар Мамин отставкаға кетті. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Кәрім Мәсімов те қызметінен босатылды. Ал 8 қаңтарда қамауға алынды. Оның орынбасарлары – Әнуар Садықұлов ("А" арнайы мақсаттағы қызметінің бастығы), Дәулет Ерғожин мен Марат Өсіпов ұсталды. Барлығына мемлекетке опасыздық жасау және билікті күшпен басып алу бойынша айып тағылды. Сондай-ақ Мәсімов премьер-министр болып жүргенде бизнес-құрылымның бірінен астанада құны 2,5 миллиард теңге тұратын элиталық тұрғын үй мен жер телімін алды деген күдікке ілінді. Оның коттеджінен бума-бума доллар мен қымбат көліктер тәркіленді.
Қазіргі кезде Астанада Мәсімовтың соты басталды. Қылмыстық іске "өте құпия" деген таңба басылған.
Қаңтардың ортасында қорғаныс министрі Мұрат Бектанов та қызметінен босатылды. Мемлекет басшысы экс-министр қаңтар оқиғасы кезінде командирлік қабілетін көрсете алмағанын ашық айтты. Ал бір айдан соң, 20 ақпанда Бектанов ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оған Қылмыстық кодекстің 452-бабы "Биліктің әрекетсіздігі" бойынша айып тағылды. Қараша айында іс сотқа жолданды.
Бұдан бөлек, қылмыс әлемінің серкесі Арман Жұмагелдиев, кәсіпкер Қайрат Құдайберген ұсталды.

Тоқаевтың ұстанымы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қаңтар оқиғасы бейбіт жиындардан басталғанын айтты. Сол кезде қылмыскерлер бейбіт шеруді жаппай тәртіпсіздікке айналдырғысы келген. Алдын ала әзірленген арандатушылар, бұзақылар, тіпті, қарақшылар да болған.
"Біз бұл жерде бір мәселенің басын ашып алуымыз керек. Бейбіт шерулердің себебі – бір бөлек. Ал мемлекеттік төңкеріс жасағысы келгендердің мақсаты – мүлде басқа. Қаңтар оқиғасының астарына үңілсек, оның себептері айқын көрінеді. Елімізде ұзақ уақыт әлеуметтік әділдік назардан тыс қалды. Мемлекет пен қоғамның арасы алшақтап кетті. Жылдар бойы шешілмеген әлеуметтік-экономикалық мәселелерден жұрт әбден қажыды. Бұл – түсінікті жайт. Алайда қылмыскерлердің көздегені басқа еді", - деді Тоқаев Алматы халқымен болған кездесуде.
Осы орайда президент халықтың бейбіт шеруі мен қарақшылар жасаған қанды қылмыстың арасын ажырата білу керек дейді. Ал көшеде бұзақылық жасаған адамдарды дәріптеп, қолдан қаһарман жасауға болмайды.
Қыркүйек айында Тоқаев қаңтар оқиғасына қатысқан адамдарға рақымшылық жариялады. Оған барлығы 1,5 мың адам ілігеді. Біреудің ісі тоқтатылса, енді біреудің жазасы қысқартылады.

Қаңтар шындығы әлі ашылады

Ресми мәліметке сәйкес, қаңтар оқиғасы кезінде 238 адам қайтыс болды. Олардың ішінде қылмыскерлер де, кінәсіз адамдар да бар.
Алматы қаласында, Жамбыл, Қызылорда мен Алматы облыстарында күштік құрылымдардың 19 қызметкері қаза тапты. Жаппай тәртіпсіздіктер кезінде ұрланған екі мыңнан астам қару-жарақ әлі табылған жоқ.
Жақында алматылық кәсіпкерлердің барлық шығыны өтелді. Оның сомасы 16 миллиард теңгеден асты. Барлығы 1639 бизнесменнің мүлкі тоналды.
Бас прокуратура азаптау фактілері бойынша 327 қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. 31 қызметкер жауапқа тартылды. Сондай-ақ осы уақытқа дейін бір әскери қызметші қаруды заңсыз пайдаланғаны үшін сотталды.
Мәжілістегі "Жаңа Қазақстан" депутаттық тобы қаңтар оқиғасы бойынша жауабы жоқ сұрақтың әлі де көп екенін мәлімдеді. Мәселен, барлық өңірде бір мезгілде басталған толқулардың ұйымдастырушысы кім? Қаскөйлердің негізгі мақсаты не болды? Депутаттар күштік құрылымдар мен мемлекеттік органдардан 2023 жылдың басында мәжілістің алғашқы жалпы отырысына келіп, осы және басқа да сауалдарға бүкпесіз ашық жауап беруді талап етті.
Айта кетері, Алматыда қаңтар оқиғасына арналған ескерткіш ашылды. Сол кездегі оқиғалар туралы кітап шығарыла бастады.