АЛМАТЫ, 5 қаңтар – Sputnik. 1 қаңтардан бастап Қазақстанда отбасының цифрлық картасы іске қосылды.
Бұл жүйеде мемлекеттік органдардың барлық дерекқоры жинақталған. Онда азаматтардың табыс деңгейі, жылжымалы және жылжымайтын мүліктің болуы, отбасы құрамы, кредиттің болуы және тағы басқа әртүрлі ақпарат бар, деп хабарлайды еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.
Қазіргі таңда отбасылық цифрлық картада Қазақстанның 19,5 млн азаматы немесе 6,3 млн отбасы туралы ақпарат жинақталған.
Әлеуметтік қиындық туындаған жағдайда ОЦК жәрдемақы немесе әлеуметтік төлемді проактивті түрде алуға мүмкіндік береді.
"Ол үшін ОЦК арқылы әлеуетті жәрдемақы алушыға SMS-хабарлама жіберіледі және оң жауап болған жағдайда оған тиісті төлем тағайындалып, тиісті қаражат банктік шотына аударылады. Апробация кезеңінде мемлекеттік қызмет көрсетуге келісім алу үшін барлығы 56,9 мың SMS-хабарлама жіберіліп, жауап берген 12,9 мың азаматқа қолдау шаралары көрсетілдіә, - деп хабарлайды министрлік.
Естеріңізге сала кетейік, ОЦК 2022 жылдың 1 қыркүйегінен бастап пилоттық режимде іске қосылды. Отбасы цифрлық картасы арқылы жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдердің 9 түрін алуға болады:
жүктілікке және босануға байланысты табысынан айырылған жағдайда әлеуметтік төлемдер;
бала күтіміне байланысты табысынан айырылған жағдайда әлеуметтік төлемдер; - жұмысынан айырылған жағдайда әлеуметтік төлемдер;
асыраушысынан айырылған жағдайда әлеуметтік төлемдер;
мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған ата-анаға (қамқоршыға) берілетін жәрдемақылар, мүгедектігі бойынша жәрдемақылар;
көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақылар; "Күміс алқа" немесе "Алтын алқа" алқаларымен марапатталған көп балалы аналарға берілетін жәрдемақылар;
атаулы әлеуметтік көмек.
Сондай-а, азаматтарға цифрлық карта арқылы зейнетақы төлемдерін алу мүмкіндігі туралы автоматты хабарлама жіберіледі.