АСТАНА, 5 қаңтар – Sputnik. Бас прокурор Берік Асылов қаңтар оқиғасы кезінде күш құрылымдары президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына дейін қару қолдана бастағанын мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Шабуыл жасаушыларға президент мәлімдемесіне дейін оқ атылған. Қылмыскерлерді залалсыздандыру үшін оқ атуға арнайы бұйрық қажет емес. Адам өмірі мен денсаулығына қауіп төнген кезде шабуылды тойтару үшін әскери қару қолдануға мүмкіндік беретін құқық қорғау қызметі туралы, Ұлттық ұлан туралы, терроризмге қарсы іс-қимыл туралы заңның тікелей нормалары бар. 5 қаңтарда тура осындай жағдай қалыптасты", - деді бас прокурор Берік Асылов мәжілісте қаңтар оқиғасына қатысты депутаттық сауалға ауызша жауап беру барысында.
Оның айтуынша, күш құрылымдары әскери қаруды бірінші рет 5 қаңтар күні сағат 16:00-де президент резиденциясына, полиция ғимараттары мен әкімдіктерге жасалған шабуылды тойтару кезінде қолданған.
Берік Асылов мұндай жағдайда олар президенттің бұйрығын күтпейтінін баса айтты.
"Біз бейбіт тұрғындардың өміріне қауіп төнген кезде заңға сәйкес әрекет етеміз. Қасым-Жомарт Тоқаев 7 қаңтарда атыс қаруын қолдану туралы бұйрық бергенін естеріңізге салайын", - деді Асылов.