АСТАНА, 5 қаңтар – Sputnik. Қазақстандық тасымалдаушы компаниялардың халықаралық жүк тасымалы нарығындағы үлесі 7%-ға жетті, деп хабарлады индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі.
"Теңіз порттарын "Ақтау теңіз порты" АЭА құрамына енгізу мәселесі пысықталып жатыр, бұл әлеуетті инвесторлар үшін порт инфрақұрылымын дамыту жөніндегі жобалардың тартымдылығын арттыруға мүмкіндік береді. Заңнамалық жұмыстар аясында суға батқан кемелерді жою мәселелеріне қатысты халықаралық шарттардың нормаларын имплементациялау жұмыстар да жүргізіліп жатыр", - делінген хабарламада.
2022 жылдағы 11 айдың қорытындысы бойынша былтырғы ұқсас кезеңмен салыстырғанда теңіз порттары арқылы жүктерді ауыстырып тиеу көлемі 19%-ға өскен. Оның ішінде контейнерлік тасымалдар 24%-ға ұлғайды.
Сондай-ақ теміржол көлігі бойынша жүктерді тасымалдау және жүк айналымы 6%-ға артқан.
Ведомство бұл ретте 2022 жылы теміржол көлігі саласындағы ірі жобалардың бірі "Достық – Мойынты" учаскесінің екінші жолының құрылысы басталғанын атап өтті.
"Сонымен қоса транзиттік учаскелердегі "тар шеңберлі" жерлерді жойып, тасымалдау көлемін ұлғайту үшін "Дарбаза – Мақтаарал" жобасы бойынша техникалық-экономикалық негіздемені әзірлеу мен "Бақты – Аягөз" теміржол учаскесінің құрылысы бойынша жұмыстар жүргізіліп келеді", - деп толықтырды министрлік.
Жеңілдетілген лизинг бағдарламасы аясында жолаушылар вагондарын сатып алу мен еліміздегі автобус паркін жаңарту жоспарланып отыр. Ресей елімен теңізшілердің кәсіби дипломдарын өзара мойындау туралы келісім жасау жөнінде жұмысты жалғастыру көзделген.
"Көлік құжаттарын басқарудың бірыңғай жүйесін" пайдалануға беру тауар-көлік жүкқұжаттары мен жол парақтарын электронды форматқа ауыстыруға септігін тигізеді.