АЛМАТЫ, 5 қаңтар – Sputnik. Алматыда қоғам белсенділері қаңтар оқиғасында қаза тапқандарды еске алып, құран бағыштады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Қаңтар оқиғасы тура бір жыл бұрын 5 қаңтарда басталды. Бейбіт шеру ретінде басталып, қанды трагедияға ұласқан оқиғаны қоғам белсенділері "Ұлт қозғалысы" деп атады.
Алматы жұрты қаңтар оқиғасында қаза тапқандарды еске алды
© Sputnik / Александр Мироглов
Қазақтың шаңырағын шайқап жіберген қасіретті қаңтарда ресми ақпарат бойынша 238 адам қаза тапты. Алайда Алматының Республика алаңына жиналған белсенділер бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтынын, әлі де зерттеуді қажет ететінін айтты. Сондай-ақ билікке бірқатар талап қойды.
Алматы жұрты қаңтар оқиғасында қаза тапқандарды еске алды
© Sputnik / Александр Мироглов
"Бүгін қаралы жиын өтуі керек еді. Ол үшін белсенділерден комиссия құрылды. Сол комиссия мүшелері Алматы әкімдігімен келіскен. Кедергі жасамау бірінші шарт болды. Алаңда микрофон орнату әкімшіліктің мойнына жүктелді. Ол кісілер уәде берген. Алайда Алматы әкімдігі, прокуратурасы, полициясы керісінше әрекет жасады. Жиынды ұйымдастыруға тиісті белсенді азаматтарды заңсыз ұстап отыр", - деп шағымданды қоғам қайраткері Рысбек Сәрсенбайұлы.
Алматы жұрты қаңтар оқиғасында қаза тапқандарды еске алды
© Photo : акимат Алматы
Белсенділердің талабы – саясатты түбегейлі өзгерту, қаңтар оқиғасына қатысушыларды бұзақы деп айыптамау.
"Берік Әбішев менің туған інім болады. Қаңтар оқиғасында Қазақстанның туын алып шықты. Бір жылда 9 рет ота жасалды, дәрігерлер бізге "аман қалғанына қуаныңыздар" деді. Ол ешқандай лаңкес емес. Биліктен әділдікті ғана талап етті. Бала-шағаның болашағы үшін бейбіт шеруге шықты", - дейді Ерік Әбішев.
Алматы жұрты қаңтар оқиғасында қаза тапқандарды еске алды
© Photo : акимат Алматы
Белсенділер республика алаңында жер астында салынған дүкендерді 1986 жылғы желтоқсан мен қаралы қаңтарда қаза тапқандарға арнап мұражайға айналдыруды сұрады. Ал 5-6 қаңтарды Қазақстанда қаралы дата ретінде күнтізбеге енгізуді ұсынды. Сондай-ақ қаңтар оқиғасына қойылған ескерткіш Алматының басқа тұсынан емес, дәл көтеріліс болған республика алаңына қойылуын, қаңтар оқиғасына арнап көше атауын беруді талап етті.
Алматы жұрты қаңтар оқиғасында қаза тапқандарды еске алды
© Photo : акимат Алматы
Ал Алматы қаласының әкімі мен қоғам қайраткерлері қаңтар оқиғасы кезінде қаза тапқандарды еске алып, "Тағзым" мемориалының стелласына гүл шоқтарын қойды.
Алматы жұрты қаңтар оқиғасында қаза тапқандарды еске алды
© Photo : акимат Алматы
Қаза тапқандарды қала билігі мен қоғам қайраткерлері "Тағзым" мемориалында еске алса, қаралы жиын белсенділері көтеріліс болған республика алаңындағы "Тәуелсіздік" мемориалына жиналды. Осылайша бір тарихи оқиғаны билік пен белсенділер екіге бөлініп еске алды. Сондай-ақ екі жерде құран оқылды. Белсенділер қаңтар қырғыны болған алаңды таңдаса, билік мешітке барып құран бағыштады.
Алматы жұрты қаңтар оқиғасында қаза тапқандарды еске алды
© Sputnik / Александр Мироглов
"Дін қызметкерлері мешітте марқұмдардың рухына құран бағыштап, бейбітшілік пен келісімнің маңызы туралы уағыз айтты. Жиналғандарға мешіттердегі асқа бару үшін көлік дайындалды. Бүгін қала мешіттерінде құрбандық шалынып жатыр", - деп хабарлады қала әкімінің баспасөз қызметі.