Алматы облысында көшкін жүріп, 81 адам эвакуацияланды

Sputnik
АЛМАТЫ, 30 қаңтар – Sputnik. Алматы облысы Бартоғай су қоймасында көшкін жүріп, 81 адам эвакуацияланды, деп хабарлайды төтенше жағдайлар департаменті.
Эвакуациаланған 81 адамның 8-і бала. Қар құрсауынан сондай-ақ 22 бірлік автотехника шығарылды. Қазіргі уақытта тағы 12 жүргізуші мен 16 көлік қардан шығарылып жатыр. 16 көліктің 4-уі сынып қалған. Абырой болғанда көшкіннен зардап шеккен адам жоқ.
"ТЖ департаменті қызметкерлері, республикалық жедел-құтқару жасағының құтқарушы-фельдшерлері кептеліп қалған колоннамен бірге жүріп келеді. Олар жоғары өтімді техникамен екі вахтовка автокөлігімен жылыту пунктін ұйымдастырған. Сондай-ақ жергілікті атқарушы органдармен және еріктілермен бірлесіп жанар-жағармай, жылы көрпелер мен азық-түлік жеткізу ұйымдастырылды", - деп хабарлайды баспасөз қызметі.
Эвакуациялау жұмыстарын Батанға жетпей 23-25 шақырымдағы жолға түскен көшкін қиындатты. Мұнда тағы үш көшкін болған. Қазіргі уақытта "Қазселденқорғау" ММ және ЖҚБ-13 күштері жолдарды тазалап жатыр.
Сондай-ақ Шығыс Қазақстанның таулы аймақтарында да қар көшкін болды.
Өскемен-Таулы Үлбі – Северное" облыстық маңызы бар автожол учаскесінде жалпы көлемі 600 текше метр қар көшкіні өздігінен түскен. Жол алдын ала жабық болғандықтан адам мен көлік шығыны жоқ.
Қазіргі уақытта учаскені жол қызметтерінің техникасы тазартып жатыр. Жол жабық күйінде қалады.