Таразда қаңтар оқиғасы кезінде қиратылған ғимараттардың қазіргі көрінісі – фото

Sputnik
2022 жыл Қазақстанды дүр сілкіндіріп, талай азаматтың өмірін қиған "қаңтар оқиғасымен" басталған еді. Бірнеше қалада халық алаңға жиналған наразылықтардың соңы қарулы қақтығысқа ұласып, адамдардың бойын үрей билеген, бейбіт күнде жүздеген отбасының қара жамылуына әкелген "қаңтар қырғынына" бір жыл болды.
4 қаңтардың кешінде Жамбыл облысының әкімшілік орталығы саналатын Тараз қаласының алаңында да жиналған жұрт қарасы көбейді. Жергілікті билік өкілдерінің халық алдына шығып, заңсыздыққа жол бермей, бейбіт тарасуға шақырған үндеулері кәдеге жарамады. Әп-сәтте шағын шаһар наразылық білдірушілер пен бүлікшілердің ортасына айналды.
Кейіннен құқық қорғау органдары мәлімдегендей, наразылық білдірушілер арасында жағдайды ушықтыру және билікті құлату үшін арандатумен айналысқандар болған.
Тараздағы былтырғы қаңтар кезінде қасақана өртелген және қиратылған ғимараттардың қазіргі жай-күйін суреттер топтамасынан көріңіздер.
Жиналған топтың заңсыз әрекеті салдарынан облыстық әкімдік, сол кездегі "Аманат" партиясының облыстық филиалы, Тараз қаласының полиция басқармасы, Жамбыл облысы полиция департаменті, Тараз қаласы полиция басқармасының 1 полиция бөлімінің ғимараттарына өрт қойылып, нысан ішіндегі дүние-мүлік, жиһаз бен жабдық қиратылды және тоналды.
1 / 10

Тараз қаласы полиция басқармасының 1 полиция бөлімі ғимаратының қазіргі көрінісі. Төрт қабаттан тұратын нысан ішіндегі жабдықтар "қаңтар оқиғасы" кезінде толықтай қиратылды.

2 / 10

Ал полиция бөлімінің автотұрағындағы оннан астам қызметтік және жеке меншік көлікке от қойылып, олардың темір қаңқасы ғана қалған болатын. Суретте: автотұрақтың қазіргі бейнесі.

3 / 10

"Аманат" партиясының Жамбыл облысы филиалының ғимараты бүгінде толығымен жаңғыртылды. Айта кету керек, сол кездегі "НұрОтан" партиясына тиесілі бұл нысан ең қатты зардап шеккен ғимараттардың бірі болды. Ғимараттағы түтін бірнеше күн сейілмей, өрт сөндіру жұмыстары да сәйкесінше ұзақ жүргізілді.

4 / 10

Жамбыл облыстық әкімдігінің ғимаратына да айтарлықтай залал келтірілді. Бүлікшілер ғимараттағы терезелерді шағып, жиһаздарды өртеген.

5 / 10

Облыстық әкімдік ғимаратының артында автотұрақ орналасқан. 5 қаңтардың түнінде наразылық білдірушілер осы тұрақтағы оннан астам көлікті өртеп жіберген.

6 / 10

Ал қалалық әкімдік ғимаратына ешқандай зардап келтірілген жоқ. 6 қаңтар күні құқық қорғау органдары мен қарулы күштер өкілдері дәл осы әкімдік ғимараты ішінен алаңға жиналғандарға ескерту оқ атты.

7 / 10

Биік қоршауына қарамастан Жамбыл облысы полиция департаментінің ғимараты да бүлікшілердің заңсыз әрекетінен зардап шекті. Сол кезде азаматтарды қабылдауға арналған бөлме толықтай дерлік пластик және шыныдан салынған болатын. Бүгінде қауіпсіздік және оқыс оқиғалардың алдын алу мақсатында бұл бөлмеге темір есік орнатылып, қабырғасы әлдеқайда берік материалдан қаланғаны байқалады.

8 / 10

Тараз қаласының полиция басқармасының да қоршауы бүкіл ғимарат аумағына созылып, биіктетілген және қоршаудың басы мен аяғы адамның секіріп өтуіне айтарлықтай кедергі келтіретін өткір темірлермен жабдықталған. Мұның барлығы "қанды қаңтардың" салдарынан алынған "сабақ" екені белгілі.

9 / 10

Бүлікшілер қалалық полиция басқармасының мына темір қақпасын наразылық түнінде бір шетке майыстырып, нысанның автотұрағына өткен. Мұнда да бірнеше көлікке от қойылды. Қазір қираған қақпа толықтай жаңартылған.

10 / 10

6 қаңтарға қараған түні Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Жамбыл облысындағы департаментіне 350-ге жуық адам шабуыл жасаған. Соның салдарынан Жамбыл облысы бойынша ҰҚКД терроризмге қарсы орталығының бөлім басшысы Дастан Әділбай қызметтік борышын атқару кезінде қаза тапты.