АСТАНА, 4 қаңтар – Sputnik. "Қорғас" халықаралық шекара маңы ынтымақтастығы орталығы 8 қаңтарда ашылмайды. Бұл туралы басқарушы компания өзінің ресми сайтында мәлімдеді.
Жарияланған ақпаратқа сәйкес, 2022 жылғы 28 желтоқсанда ҚХР Шыңжаң Ұйғыр автономиялық ауданы "Қорғас" АЭА әкімшілік комитеті мен басқарушы компания арасында жұмыстық кездесуі өтті. Жиын барысында ҚХР ШҰАР "Қорғас" АЭА басшысы Сюй Синь Минь Қытайдағы карантин шаралары алынып тасталғанын және туристер үшін шекаралардың ашылғанын хабарлап, сондай-ақ 2023 жылдың 8 қаңтарынан бастап "Қорғас" халықаралық шекара маңы ынтымақтастығы орталығы жұмысын тұрақты режимде қалпына келтіру ықтималдылығын айтты.
Компаниядағылар атап өткендей, мерзімнің тығыздығын ескере отырып, басқарушы компания техникалық мәселелерді және Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарымен келісу процестерін шешу бойынша дайындық жұмыстарын белсенді түрде бастады.
"Осыған байланысты, 2023 жылғы 8 қаңтарға дейін орталықтың қазақстандық бөлігінің қызметін қалпына келтіру мүмкін еместігін хабарлаймыз. Басқарушы компания орталықтың қызметін тезірек қалпына келтіруге барынша күш салады. Қытайдың "Чун Цзе" (Көктем мерекесі), сондай-ақ "Наурыз" мерекесін ескере отырып, орталықтың ресми ашылу күні кейінірек белгілі болады", - деп жазылған орталықтың ресми сайтында.