Қауіпті қылмыстық топтың 18 басшысы мен белсенді мүшесі ұсталды – ҰҚК

Sputnik
АЛМАТЫ, 4 қаңтар – Sputnik. Ұлттық қауіпсіздік комитеті Ресейдің құқық қорғау органдарымен бірлесіп Байқоңыр қаласында қауіпті ұйымдасқан қылмыстық топтың жолын кесті, деп хабарлады ұлттық қауіпсіздік комитеті.
"Бір уақытты Астана, Қызылорда және Қонаев қалаларында аталған топтың сыбайластары ұсталды. Жалпы арнайы операция барысында ұйымдасқан қылмыстық топтың 18 басшысы мен белсенді мүшесі ұсталды", - деп хабарлады ведомство.
Күдіктілердің тұрғылықты жерінен атыс қаруы, ақшалай қаржы және тергеу үшін маңызды өзге де материалдар алынды.
Қылмыстық топтың адам ұрлауға, бопсалауға, қарумен қарақшылық шабуылға және ұрлыққа қатысы бары анықталды.
"Қылмыстық әрекеттер ұзақ уақыт бойы Байқоңыр қаласы мен Қызылорда облысының криминогендік жағдаятына кері әсер етіп келген, ауыр және аса ауыр қылмыстарды жасауда қатыгездікпен ерекшеленген", - делінген ҰҚК хабарламасында.
Бір ғана мысал, 2022 жылғы қыркүйекте қылмыстық топ мүшелері арасындағы қарулы қақтығыс салдарынан көшеден өтіп бара жатқан бейбіт адамға оқ тиіп, оқиға орнында көз жұмған.
Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу басталды. Күдіктілердің өзге де қылмыстарға қатысы тексеріліп жатыр.