Батыс Қазақстанда көлік көпірден құлап кетті – екі адам көз жұмды

Sputnik
АСТАНА, 4 қаңтар – Sputnik. Батыс Қазақстан облысында көлік су арнасына түсіп кетті. Жол апатынан екі адам қаза тапты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан "Мой город" порталына сілтеме жасап.
Қайғылы оқиға 2 қаңтарда Ақжайық ауданында болған. Тоған ауылынан үш шақырым шалғай жерде Lada Vesta маркалы көліктің 61 жастағы жүргізушісі көктайғақта рөлге ие бола алмай, Бударино су арнасына түсіп кетті. Желіде суға батып кеткен көліктің видеосы тарады.
Көлікте болған 62 жастағы әйел оқиға орнында қайтыс болды. Тағы екі әйелді шұғыл ауруханаға жеткізген. Біреуі жансақтау бөлімінде көз жұмды.
Қазіргі кезде Қылмыстық кодекстің 345-бабы (Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы) бойынша сотқа дейінгі тергеу шаралары басталды. Бұл бапта абайсызда екi немесе одан да көп адамның өлiмiне әкеп соққан іс-әрекет үшін бес жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.