АЛМАТЫ, 4 қаңтар – Sputnik. Алматыда мереке күндері 30 ұрлық жасалды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қалалық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Диас Дуанбеков хабарлады.
Диас Дуанбековтың айтуынша, мереке күндері ауыр және аса ауыр қылмыс жасалған жоқ.
"Негізінен бөтеннің мүлкін ұрлау басым болды. 31 желтоқсан мен 3 қаңтар аралығында қалада 30 ұрлық дерегі тіркеліп, оның 24-і "ізін суытпай" және жедел тергеу барысында ашылды. Жалпы қаладағы жағдай тұрақты", - деп мәлімдеді басқарма бастығының орынбасары.
Сондай-ақ мереке күндері қалада 2 бұзақылық, 1 тонау жасалған. Күдіктілер қылмыс орнында ұсталды. 2 есірткі қылмысы анықталды.