Семейде өрт кезінде пәтерде жалғыз болған 4 жасар баланың жағдайы ауыр

Sputnik
АСТАНА, 3 қаңтар – Sputnik. Семейде 4 жасар баланы өрттен аман алып қалды. Қазір дәрігерлер оның өмірі үшін күресіп жатыр. Бұл туралы жергілікті @abainewskz порталы хабарлады.
"Кеше сағат 17:00 шамасында Шәкәрім көшесі, 13 мекенжайындағы көпқабатты тұрғын үйден өрт шықты. Оқиға орнына дереу 2 автоцистерна, 1 автобаспалдақ және 8 өрт сөндіруші жөнелтілді", - деп жазылған ақпаратта.
Өрентіп жатқан үйге жеткен кезде 5 қабаттағы пәтерде жеке заттар, жиһаздар, техника және терезе қаңқасы жанып жатқаны белгілі болды. Қатты түтін басқан бөлмеде барлау кезінде өрт сөндіруші-құтқарушылар пәтердің қабырғасын бұзып, 4 жасар баланы аман алып шықты.
Бала шұғыл түрде облыстық балалар ауруханасына жеткізілді. Қазіргі уақытта баланың жағдайы ауыр, ол дәрігерлердің бақылауында.
Өрт кезінде бала пәтерде жалғыз болған. Өрттің шығу себептері анықталып жатыр.