Қарағанды облысындағы ауылда ішімдік сатылмайды

Sputnik
АСТАНА, 2 қаңтар – Sputnik. Қарағанды облысына қарасты Тікенекті ауылында ешкім ішімдік ішпейді. Арам судың болмауы себепті мұнда ұрыс-керіс те жоқ. Бір жыл бойы құқық бұзушылық тіркелмеген, деп хабарлады Хабар 24.
Жалпы ішімдіксіз ауыл бастамасын әкім мен учаскелік полицей бастап, ақсақалдар алқасына ұсынған. Кейін ауыл тайлы таяғы қалмай түгел қолдаған.
Әлібек Оспанов Тікенекті ауылында 8 жылдан бері жұмыс істейді. Жергілікті тұрғындардың бәрін таниды. Қауіпсіздік шараларын қашанда назарда ұстауды ескертіп отырады. Ол жыл басында ішімдіктен бас тартуды ұсынып, бастама көтерді. Оны бүкіл ауыл құп көрген.
"Біздің ауылдың учаскелік инспекторы жиі-жиі тексереді. Шешесіндей адамбыз, ол баладан сөз естіп, сөгіс алғанша осылай ішімдіксіз, шылымсыз саудамызды жасап жатырмыз", - дейді жеке кәсіпкер Рысты Сәрсекеева.
"Ауылда арақ сатылмайды. Оны ішетін адам жоқ. Содан кейін ауылдағы шаруаның бәрін кеңесіп, ақылдасып шешеміз", - дейді Тікенекті ауылы ақсақалдар кеңесінің төрағасы Өмір Бүркітбаев.
Есесіне ауыл жастары өнерге құмартып өсіп келеді. Домбыра үйірмесіне келетін жастардың талпынысы ерекше. Үлкендер де жастардың тәрбиесіне ішімдік кері әсер ететінін ескеріп, бүлдіршіндердің өнерін қолдап отырады.
Учаскелік полицей болса бұл бастамасын өзгелерге де насисхаттауға ниетті.
"Жалпы Тікенекті ауылында 222 адам тұрады. Қоғамдық кеңес төрағасы, әкіміміз бар, қылмыстық істің алдын алу, жастарды дұрыс бағытқа бағыттау үшін бірігіп жұмыс атқарып отырмыз", - дейді ауылдың учаскелік полицейі Әлібек Оспанов.
Тікенекті ауылының үлгілі ісін ішкі істер министрлігі де көпке үлгі ретінде көрсетіп жүр. Күні кеше Қарағанды облысына келген министр Марат Ахметжанов шалғайдағы ауылдың әкімі Ерлан Оспановқа "Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін" медалін табыстады. Ал ауыл тұрғындары бұл марапат бүкіл ауылға көрсетілген құрмет деп біледі.