Қоян жылы қазақстандықтар үшін жақсы жаңалықтарға толы болмақ. 2023 жылы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы өседі, зейнет жасын ұзарту тоқтатылады, қарызын төлей алмай жүргендер өзін банкрот деп жариялай алады, шетелдік көліктерді тіркеу басталады. Осы және өзге де өзгерістер жайлы толығырақ Sputnik Қазақстан материалынан оқыңыз.
Ең төменгі жалақы қанша болады
Қаңтардан бастап ең төменгі жалақы 70 мың теңгені құрайды. Бұған дейін оның мөлшері 60 мың теңге болған еді.
Осының арқасында әртүрлі меншік нысанындағы кәсіпорындарда жұмыс істейтін жалақысы 70 мың теңгеге дейінгі 1,8 миллионға жуық жалдамалы жұмысшының табысы өседі.
Ең төменгі жалақының көтерілуі, ең алдымен, айлығы төмен қызметкерлерге қатысты болады.
Екіншіден, жалақы деңгейін белгілеу кезінде ең төменгі жалақы көрсеткішін пайдаланатын жұмыс берушілер разрядаралық біліктілік жүйесін ескере отырып, қызметкерлердің басқа санаттарының жалақысын қайта қарайды.
Еңбек кодексіне сәйкес, жұмыс берушілер еңбекақыны ең төменгі жалақыдан кем емес деңгейде төлеуге міндетті.
Айлық есептік көрсеткіш
Жыл сайынғы дәстүрмен айлық есептік көрсеткіш (АЕК) 2023 жылы 3 450 теңгеге дейін өседі.
2022 жылғы 1 қаңтардан бастап оның мөлшері 3 063 теңге болды, ал 2022 жылғы 1 сәуірден 3 180 теңгені (жәрдемақы мен әлеуметтік төлемдер үшін) құрады.
Айта кетері, айлық есептік көрсеткіш жәрдемақы, айыппұл, салық және басқа да төлемдерді есептеу үшін қолданылады. Яғни, АЕК өссе, жәрдемақылар мен айыппұлдар да артады деген сөз.
Ең төменгі күнкөріс деңгейі
Ең төменгі күнкөріс деңгейі базалық әлеуметтік төлемдерді есептеу үшін қажет.
2022 жылы оның мөлшері 36 018 теңге болса, 2023 жылдан бастап 40 567 теңгені құрайды.
Қазақстанда ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-і кедейлік шегі деп саналады. Егер адамның табысы күнкөріс деңгейінің 70 процентінен аспаса, онда ол кедейлік шегінде өмір сүреді. 2023 жылы "кедейлік шег" бір адамға 28 397 теңгеге дейін ұлғаяды.
"Кедейлік шегінде" өмір сүретін қазақстандықтар мемлекеттен атаулы әлеуметтік көмек алуға құқылы.
Айта кетері, еңбек министрлігі 2025 жылдан бастап атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау үшін кедейлік шегін қазіргідей күнкөріс деңгейінен емес, медиандық табыс есебінен есептеуді жоспарлап отыр.
Қазақстанда медианалық кіріс 2021 жылдың қорытындысы бойынша 54,8 мың теңге немесе ең төменгі күнкөріс деңгейінен 1,5 есе жоғары болды.
Зейнет жасы көтерілмейді
Жаңа жылдан бастап Қазақстанда әйелдердің зейнет жасы көтерілмейді. 2028 жылға дейін әйелдер 61 жаста зейнетке шығады.
Бұл бастама президенттің тапсырмасымен іске асырылып отыр.
Еске салсақ, Қазақстанда әйелдердің зейнет жасы 2018 жылдан бастап жарты жылға көтеріліп келді. 2027 жылға дейін зейнет жасы кезең-кезеңмен ұлғайып, 63 жасқа дейін жетуге тиіс еді. Осылайша ерлер де, әйелдер де құрметті демалысқа бір жаста шығады деп жоспарланған.
Алайда соңғы жылдары зейнет жасын төмендету мәселесі қоғамда жиі қозғалды. Бұрын 58 жасында зейнеткерлікке шығып жүрген ана-апаларымыз зейнет жасын төмендетуді талап етті. Президент халық үніне құлақ асып, әйелдердің зейнет жасы 2028 жылға дейін 61 жас деңгейінде белгіленді.
Зейнетақы өседі
Алдағы үш жылдық бюджетке қатысты заңға сәйкес, 2023 жылғы 1 қаңтардан ең төменгі зейнетақы (ынтымақты + базалық) 77 417 теңгеге дейін өседі.
Соның ішінде ең төменгі мемлекеттік базалық зейнетақы – 24 341 теңге, ең төменгі ынтымақты зейнетақы 53 076 теңгені құрайды.
Бала күтіміне байланысты жәрдемақы 1,5 жасқа дейін төленеді
Жаңа жылдан бастап бала күтіміне байланысты ай сайынғы жәрдемақы сәби 1,5 жасқа толғанға дейін төленеді.
Бұрын ол тек 1 жасқа дейін берілетін. 2023 жылғы 1 қаңтарға дейін бір жасқа толмаған барлық бала үшін төлем автоматты түрде жарты жылға ұзартылады. Ал 1 қаңтардан кейін туған балаға бірден 1,5 жылға тағайындалады.
Сондай-ақ жаңа жылдан бастап бұл жәрдемақының мөлшері де ұлғаяды:
бірінші балаға – 5,76 АЕК немесе 19 872 теңге;
екінші балаға – 6,81 АЕК немесе 23 495 теңге;
үшінші балаға – 7,85 АЕК немесе 27 083 теңге;
төртінші және одан кейінгі балаларға – 8,90 АЕК немесе 30 705 теңге.
Декретке дейін жұмыс істеген әйелдердің бала күтіміне байланысты алатын ай сайынғы әлеуметтік төлемі бөлек есептеледі. Оның мөлшері бала туғанға дейін соңғы екі жылдағы орташа айлық табыстың 40 пайызын құрайды.
Еске салсақ, президент 2023 жылдан бастап бала күтіміне байланысты төлемдердің мерзімін 1,5 жасқа дейін ұзартуды тапсырған еді. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, бұл ата-аналарға ең маңызды кезеңде өз балаларының қасында ұзағырақ болуға мүмкіндік береді.
Кімдердің жалақысы көбейеді
Мұғалімдер
2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап балабақша тәрбиешілерінің, мектеп пен колледж мұғалімдерінің, сондай-ақ қосымша білім беру жүйесі мамандарының жалақысы тағы 25 процентке өседі.
Президенттің тапсырмасымен 2020 жылдан бастап мұғалімдердің жалақысы жыл сайын 25 пайызға көтеріліп келеді. Мұғалімдердің еңбекақысы оқу жүктемесіне, білім деңгейіне, біліктілігіне, еңбек өтіліне, магистр дәрежесіне және басқа да қосымша төлемдерге байланысты есептеледі.
Айта кетері, бүгінде еліміздегі білім беру жүйесінде 500 мыңға жуық маман еңбек етеді.
Дәрігерлер
Келесі жылы қалтасы қалыңдайтын қазақстандықтардың арасында ақ халатты жандар да бар.
2023 жылы дәрігерлердің жалақысы 561 мың теңгеге дейін, ал медбикелердікі 249 мың теңгеге дейін өседі деп жоспарланып отыр.
Президенттің тапсырмасына сәйкес, медицина қызметкерлерінің айлығы 2023 жылға қарай экономикадағы орташа жалақыдан екі есе жоғары деңгейге жеткізу мақсатында жыл сайын көбейіп жатыр.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, қазіргі таңда елімізде 76 400 дәрігер жұмыс істейді. Оның ішінде 32 мыңы – бейінді мамандар.
Өрт сөндірушілер
2023 жылдан бастап өрт сөндірушілердің ең төмен жалақысы 180 мың теңге болады.
Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильиннің айтуынша, үш жыл бұрын өрт сөндірушілер 65 мың теңге алатын. Қазір қызметке енді кіріскен маманның ең төмен жалақысы 110 мың теңге шамасында.
"2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап жалақыны 10%-тен 70%-ке дейін көтеру жоспарланып отыр. Қатардағы құрамның айлығы 70 пайызға, ал басқарушы құрам – өрт сөндіру қызметі мен бөлім басшыларынікі 10 пайызға өседі", - деп мәлімдеді бұған дейін Ильин.
Бұл ретте ТЖ министрлігінің басшылық құрамы, соның ішінде министр мен оның орынбасарларының жалақысы өспейді.
Зейнетақы жинағының жеткіліктілік шегі тағы көтеріледі
БЖЗҚ зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын пайдаланудың 2023 жылға белгіленген ең төменгі жеткілікті шегін жариялады.
Жеткілікті шектің жаңа мөлшері 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданылады. Ол жас мөлшеріне байланысты 3-тен 10 миллион теңгеге дейінгі соманы құрап отыр.
Айта кетері, қазақстандықтар зейнет жинағының артылған бөлігін баспана алуға, ипотеканы өтеуге және емделуге жұмсай алады.
2023 жылғы зейнетақы жинағының жеткіліктілік шегі қандай болатынын толығырақ Sputnik инфографикасынан көріңіз.
Ауыл халқына бизнесті дамытуға 2,5%-пен кредит беріледі
Осыдан үш жыл бұрын Жамбыл облысында ауыл халқының табысын арттыру жөніндегі жоба басталды. Жаңа жобаның табысты болғаны соншалық, ауыл шаруашылығы министрлігі 2023 жылдан бастап оны бүкіл өңірде енгізуді жоспарлап отыр.
Жоба аясында ауылдар мен шағын қалалардың тұрғындары бизнес ашуға және кәсібін дөңгелетуге шағын несие ала алады.
Сыйақының жылдық мөлшерлемесі – 2,5%, мерзімі 7 жылдан аспайды, кепілмен қамтамасыз етілген. Несиенің ең жоғары сомасы – 2,5 мың АЕК немесе шамамен 7,9 млн теңге, ірі кооперацияны дамыту үшін – 8 мың АЕК немесе шамамен 25,4 млн теңге.
Министрліктің ақпаратынша, алғашқы шағын несиелер 2023 жылдың бірінші тоқсанының соңында беріле бастайды.
2023 жылы жобаны іске асыру үшін республикалық бюджеттен 11 мыңнан астам шағын несие беру жоспарымен 52,4 млрд теңге бөлу көзделген.
Шетелдік автокөліктер заңдастырылады
Келесі жылы елімізге 2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін әкелінген шетелдік, соның ішінде рөлі оң жақта орналасқан автокөліктер заңдастырылады. Парламент қабылдаған заң бойынша олардың иелері бастапқы тіркеу үшін 200 мың теңге алым төлеуі қажет.
Ішкі істер министрлігі заңдастыруды алты ай ішінде жүргізуді жоспарлап отыр.
Тіркелетін автокөліктерге үш негізгі талап қойылады: автокөлік іздеуде болмауы керек, кедендік тазартудан өтуі қажет және елге 2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін әкелінген болуы шарт. Жасына және экологиялық класына ешқандай талап қойылмайды.
Көліктің ел аумағына кіргізілген күні ҰҚК Шекара қызметінің немесе мемлекеттік кірістер органдарының деректер базасы арқылы анықталады. Бүгінде ол процесс толығымен автоматтандырылған.
Тіркеу аяқталғаннан кейін автокөлік иесіне қазақстандық техпаспорт пен мемлекеттік нөмір беріледі.
Айта кетері, қазір Қазақстанда заңдастыруға жататын автокөліктердің жалпы саны 300 мыңнан асады. Соның ішінде рөлі оң жақта орналасқан 20 мыңнан аса көлік бар.
Бірыңғай төлем және мораторий
2023 жылғы 1 қаңтардан бастап микро және шағын кәсіпкерлік субъектілерінің қызметкерлері үшін жалақыдан бірыңғай төлем енгізу жоспарланып отыр. Нәтижесінде салық жүктемесі келесі жылы 33 пайыздан 20 пайызға дейін төмендейді.
Сондай-ақ онлайн платформалардың көмегімен (Яндекс.такси және тағы басқа) жұмыспен қамтылған азаматтар үшін арнайы салық режимі енгізіледі.
Бұдан бөлек, шағын бизнесті тексеруге мораторий тағы бір жылға – 2023 жылдың соңына дейін ұзартылады. Бірақ Кәсіпкерлік кодекске сәйкес жүргізілетін жоспардан тыс тексерулер қала береді.
Шағын кәсіпкерлік, оның ішінде микрокәсіпкерлік субъектілерін тексеруге мораторий 2020 жылдың қаңтарында жарияланған болатын. Мораторий 2023 жылдың қаңтарында аяқталуға тиіс еді. Алайда президенттің жарлығымен ол 2024 жылға дейін созылады.
Оқушылар 31 мамырға дейін оқиды
2023 жылғы өзгерістердің бірі – мектеп оқушыларының каникулына қатысты.
2022-2023 жылғы оқу жылы 31 мамырда аяқталады, содан кейін каникул басталады.
Оқу-ағарту министрлігінің ақпаратынша, каникул кезеңі өзгеріссіз қалады, яғни оқу күндерінің саны көбеймейді, ал каникулдың ұзақтығы қысқармайды.
Қазақстандық оқушылар 175 күн оқиды. Каникул мен демалыс күндерінің жалпы ұзақтығы 190 күнді құрайды.
Депозиттер бойынша өтемақы алуға өтініш беру аяқталды
2023 жылы 1 қаңтарда теңгедегі депозиттер бойынша 10% өтемақы алуға өтініш беру мерзімі аяқталады.
Өтемақы 2022 жылдың 23 ақпанына дейін ашылған теңгедегі депозиттерге есептеледі.
Банктер өтемақының өзін 2023 жылғы 23 ақпаннан кейін аударады. Өтемақы жинақ, мерзімді, мерзімсіз, сондай-ақ білім беру жинақтау салымдары мен тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесіндегі депозиттерге беріледі.
Бұған дейін 5 миллионнан астам салымшының депозитіне өтемақы берілетіні хабарланған еді. Оның ішінде салымшылардың 97%-інде депозит мөлшері – 5 млн теңгеге дейін, басым бөлігі (86%) 1 млн теңгеге дейінгі депозитті құрайды.
Кім өзін банкрот деп жариялай алады
Жаңа жылдан кейін "Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы" заң күшіне енеді. Бұл құжат қарызға белшесінен батып, кредитін қайтара алмай жүрген азаматтарға арналған.
Заң бойынша банкроттық процедурасының үш түрі көзделген: соттан тыс банкроттық, сот арқылы банкроттық және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру.
Соттан тыс банкроттықтың шарттары:
берешек 4,9 млн теңгеден (1600 АЕК) аспауы керек;
ресми кіріс болмауы шарт;
мүлік болмауға тиіс;
қарыз бойынша банкпен тиісті рәсімдерді жүргізуі қажет.
Осы санаттағы азаматтар сотқа жүгінбей өзін банкрот деп жариялай алады.
Ал сот арқылы банкроттық қарыз сомасы 4,9 млн теңгеден асқан жағдайда қолданылады. Бұл рәсім барысында борышкердің мүлкі сатылады. Түскен қаражат белгіленген кезекпен кредиторлар алдындағы берешекті өтеуге жұмсалады. Егер жалғыз тұрғын үй кепіл заты болып табылса, онда кредитор оны соттың банкроттық рәсімі кезінде алуға құқылы.
Үшінші рәсім – төлем қабілеттілігін қалпына келтіру. Бұл процедура тұрақты табыс болған жағдайда, қарызды (5 жылға дейін) сот тәртібімен бөліп төлеу жоспарын қарастырады. Сауықтыру жоспары қаржы менеджерімен бірлесіп әзірленіп, сотпен бекітіледі. Бұл процедураның артықшылығы – азамат "банкрот" деген статус алмайды, сондықтан банкрот үшін көзделген салдар оған қолданылмайды.
Сенат сайлауы
2023 жылғы 14 қаңтарда сенат депутаттарының сайлауы өтеді.
Сайлау алдындағы үгіт 13 қаңтарда 00.00-де аяқталады. 13 қаңтар – тыныштық күні.
Констуцияға сәйкес, Қазақстан азаматтығы бар және ел аумағында соңғы он жылда тұрақты тұрып жатқан адам парламент депутаты бола алады.
Айта кетері, халық сенат сайлауына тікелей қатыспайды. Депутаттарды жанама сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы таңдаушылар –мәслихат депутаттары сайлайды.
Аудан мен қала әкімдері сайлауы
2023 жылы аудандар мен облыстық маңызы бар қалалар әкімдерінің сайлауы өтеді.
Ұлттық экономика министрлігі хабарлағандай, келесі жылы сайлау пилоттық режимде, ал 2025 жылдан бастап жаппай өткізіле бастайды.
Аудан мен қала әкіміне кандидат жасы 25-тен асқан Қазақстан азаматы болуы, сондай-ақ жекелеген мемлекеттік саяси лауазымдарға қойылатын біліктілік талаптарына сәйкес келуге тиіс. Бұл ретте мемлекеттік қызметте жұмыс тәжірибесінің болуы міндетті емес.