АЛМАТЫ, 30 желтоқсан - Sputnik. Астанада ақша айырбастау пунктінің маңында адамды соққыға жығып, тонап кетті, деп хабарлайды Polisia.kz.
Тапа-тал түсте болған ұрлық видеоға түсіп қалған.
Елорданың 23 жастағы тұрғыны, белгісіз адамдардың 5 мың доллар көлемінде ақшасын ұрламақ болғанын айтып, полицияға шағымданған.
Аталған факті бойынша жедел-іздестіру шарасы кезінде елордалық полицейлер "Daewoo Lacetti" маркалы көлікті анықтады.
54 және 25 жастағы күдіктілер Жамбыл облысы Мойынқұм ауданында ұсталды. Көлікті тексеру кезінде сегіз патроны бар газды тапанша, тапанша түріндегі оттық және медициналық қара маска тәркіленді.
Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Сараптама жүргізіледі. Күдіктілер қылмысын мойындады, олар уақытша ұстау изоляторына қамалды.