Оқиға

Ақтөбеліктер бірнеше күн іздеген 4 жасар баланың денесі табылды - күдікті ұсталды

Sputnik
АСТАНА, 30 желтоқсан – Sputnik. Ақтөбеде іздеу шараларының нәтижесінде 28 желтоқсанда жоғалып кеткен Данил Ахуновтың мәйіті табылды. Зорлықпен өлтіру белгілері бар. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды, деп хабарлады Polisia.kz.
"Қылмыстық кодекстің 99-бабы 3-бөлігі ("Жас баланы өлтіру") бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Қылмыстық істі тергеп-тексеру аясында өзге ақпарат жария етілмейді", - деді облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Ғалым Байжанов.
Еске салсақ, 28 желтоқсанда Ақтөбе қаласы Қазанғап көшесіндегі 59-шы үйдің ауласынан 2018 жылы туған Данил Ахунов жоғалып кетті.

Баланы іздеуге полицияның кешенді күштерінің жасақтары, ұлттық ұлан әскери қызметшілері мен еріктілер тартылды.

Қараусыз қалған гараждар, саяжайлар, орман екпелері және жақын маңдағы су айдындары тексерілді. Сүңгуірлер кәріз құдықтарын тексерді.