RAND АҚШ-тың Ресеймен текетірестегі эскалация стратегиясы туралы баяндама жариялады

Sputnik
АҚШ әскери ведомстволарына қызмет ететін аналитикалық орталық RAND корпорациясы АҚШ-тың Ресеймен текетірестегі эскалация стратегиясы туралы баяндама жариялады, деп жазды РИА Новости.
Батыстағы саясаткерлердің украин кейсі бойынша Ресеймен келіссөзге үндеуіне қарамастан, америкалық әскерилер Еуропадағы қақтығысты доғаруға емес, керісінше, оны ушықтыруға дайындалып жатыр. RAND аналитиктерінің пікірінше, бұл дағдарыста Вашингтонның басты міндеті Ресейді "жазалау" және "тежеу". Бірақ мұны Ресей өз ядролық қаруын қолдануға себеп туындамайтындай және Ресей мен НАТО арасында толық ауқымды соғыс басталмайтындай етіп орындау қажет.
RAND баяндамасында Украинадағы қақтығыс эскалациясы үшін Ресей ғана жауапты тарап ретінде сипатталған. Запорожье АЭС-тегі жағдайда да дәл осындай үгіт-насихат әдісі қолданылды: нысанға Украина Қарулы күштері соққы жасағанымен, бәріне Ресейді кінәлады, ал америкалықтар әлемдік ақпарат кеңістігінде Ресейді айыптаумен айналысты.
Сондықтан оқырмандардың санасына эскалацияны Ресей бастайтынын, ал америкалықтар өзі мен НАТО бойынша одақтастарын қорғауға мәжбүр болатынын сіңіру осы аналитиканың мақсаты болып отыр.
Америкалық сарапшылар Ресейдің АҚШ аумағына соққы беру нұсқасын қарастырмаған. Олардың пікірінше, сценарий мүлдем басқаша өрбиді. Мәскеудің жаппай қырып-жоятын қаруды – ядролық, биологиялық немесе химиялық қолдану нұсқасы да зерттеу шеңберінен шығарылды.
Баяндама авторлары ресейлік әскердің НАТО-ға мүше Еуропа елдерінің аумағына немесе АҚШ пен НАТО-ның әскери нысандарына, соның ішінде ғарышта орналасқан нысандарына тек шектеулі ядролық емес соққы беруін талқылады.
Эскалация сценарийі үш актіні қамтиды. Бірінші қадам – ​​Ресейдің АҚШ-тың НАТО-дағы одақтастарына болжамды шабуылы. Екіншісі – Вашингтонның реакциясы. Ал үшінші – бұл реакцияға Мәскеудің реакциясы.
Америкалықтар үшін екінші қадам негізгі әрекет болып отыр. Бір жағынан, Вашингтон өз одақтастарына НАТО жарғысының бесінші бабы күшінде екенін дәлелдеуі керек болса, екінші жағынан, екінші қадамды Ресейді одан әрі эскалацияға арандатпайтындай етіп орындау керек.
Соғыстың төрт сценарийі қарастырылады. Біріншісі Ресейдің Вашингтоннан Украинаға қару-жарақ беруді тоқтатуын ашық талап ету кезінде, мысалы, Польшадағы қоймаға немесе бос аэродромға зымыранмен шабуыл жасауынан басталады. Ал АҚШ осыған жауап қайтаруы керек болады. Өйткені, НАТО бойынша одақтас кинетикалық әрекетті талап етеді.
"Бұл жағдайда RAND сарапшылары АҚШ-тың тек дипломатиялық қысым мен экономикалық шаралардың көмегімен ғана қолдауын қарастырады. Дегенмен, зардап шеккен елдің наразылығы – НАТО-ға мүше және одақтастар арасындағы ықтимал бөліну бұл жерде сөзсіз. Ресей аумағына симметриялы шектеулі зымырандық шабуыл да "азырақ шиеленіскен" шаралардың бірі ретінде қарастырылуда. Бірақ, бұл зардап шегуші елдің – НАТО мүшесінің наразылығын және одақтастар арасында жік пайда болуына әкелуі ықтимал. Сондықтан, АҚШ Ресей аумағында шектеулі зымыран соққысын қолдануына тура келеді", - деп жазды мақала авторы.
Екінші нұсқа – мақсатты шабуыл, мысалы, ғарыштағы америкалық жерсерікті жою. АҚШ-тың спутниктерге шабуыл жасалған платформаларға соққы жасауы адам шығынына әкелуі мүмкін. Оның үстіне, Ресейдегі нысанаға ашық шабуыл одан әрі эскалация қаупін арттырады.
RAND аналитиктері НАТО жарғысының бесінші бабын қолданудың қажеттілігі жоқ екенін, Ресейге кинетикалық емес "шабуылдар" жасау, яғни, үгіт-насихаттық сынау, дипломатиялық қысым мен экономикалық санкциялар қолдану тиімді екеенін жазды.
Үшінші нұсқа – мақсатты соққы жасау. Мұнда Ресей Украинаға қару-жарақ жеткізілетін Польша мен Румыниядағы үш авиабазаға зымыранмен соққы жасайды деген болжам бар. Жауынгерлер мен бейбіт тұрғындар көз жұмады. Сондықтан, ұл нұсқада кинетикалық әрекетке басымдық беріледі. Яғни, Ресей аумағына зымыранмен соққы жасалады. Бұл шабуылдармен қатар кинетикалық емес әрекеттерге басымдық беріліп, Украина тақырыбындағы дипломатиялық диалог реттеуге әрекет жасалады. Яғни, АҚШ Украинамен қақтығыс басқа, ал НАТО-мен қақтығыс мүлде басқа екенін Мәскеуге түсіндіруі керек.
Төртінші сценарий Ресейдің Еуропадағы АҚШ әскери базаларына, соның ішінде Рамштайн базасы мен Роттердам портына жаппай шабуылын сипаттайды. Барлығы екі жүзге жуық құрбандар болады, әскери және бейбіт тұрғындар көз жұмады деген болжам айтылды. Ал Америка өз әрекеті арқылы Мәскеуге НАТО-мен іткелей қақтығыс немесе Украина жерінде жеңіліс табу ықтималдылығын түсіндіруі керек.
"Бұған жауап ретінде RAND аналитиктері Ресейдің жаңа аумақтарын Вашингтон Украинаға тиесілі деп санайтындықтан, осы аумақтарға соққы жасауды ұсынады. Жеткіліксіз қуатты соққыны одақтастар АҚШ-тың әлсіздігі және НАТО мүшелерін қорғауға дайын еместігінің дәлелі ретінде қабылдайды. Сондай-ақ, соққы жасау кезінде Мәскеу мұны НАТО-мен тікелей қақтығыс деп қабылдамауын қамтамасыз етуі керек", - деп жазды мақала авторы.
Оның пікірінше, мұндай мәтіндердегі жалған ақпарат ауқымы мен үгіт-насихат таңғалдырады. Біріншіден, кез келген адам НАТО-мен қақтығыс жақындап жатпағанын, бұл қақтығыс дәл қазір болып жатқанын түсінеді. Екіншіден, баяндамада Ресей соғысты бастаушы ретінде сипатталған. Ал анығында, тап Ресейге соғыс еш қажет емес. Жалпы, RAND баяндамасы НАТО-ға мүше Еуропа мемлекетінің аумағында америкалық арандатушылықты жоспарлау әрекеті секілді.