АСТАНА, 28 желтоқсан – Sputnik. Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Қазақстан БҰҰ-ның Қырым мен Украинаның Севастополь қаласындағы жағдайға қатысты қарары бойынша неге қарсы дауыс бергенін түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Ол БҰҰ Бас ассамблеясының "Қырым Автономиялық Республикасы мен Украинаның Севастополь қаласындағы Адам құқықтары саласындағы жағдай туралы" қарары 15 желтоқсанда Нью-Йоркте қабылданғанын еске салды. Қазақстан бұл қарарға қарсы дауыс берді. Смадияров дауыс беру кезінде республика нені негізге алғанын түсіндірді.
"Қазақстан БҰҰ Жарғысына сәйкес Украинадағы қақтығысты бейбіт жолмен шешуді жақтайды. Сонымен қатар, біз Украинаның егемендігі мен аумақтық тұтастығын жақтаймыз. Біздің принципті ұстанымымыз – "Қырым Автономиялық Республикасы мен Украинаның Севастополь қаласындағы Адам құқықтары саласындағы жағдай" мәселесі БҰҰ-ның арнайы органында, атап айтқанда БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесінде қарастырылуы керек", - деді Смадияров сыртқы істер министрлігінде өткен брифингте.
СІМ ресми өкілі БҰҰ Бас ассамблеясының "БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесі туралы" 60/251 қарарына сәйкес, бұл Кеңес өз жұмысында таңдалмаушылық, объективтілік қағидаттарын басшылыққа алып, саясаттандырудан аулақ болуға тиіс екенін атап өтті.
Айтуынша, қазір Қазақстан басқа 46 елмен бірге БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесінің мүшесі.
"Қазақстанның 2013-2015 жылдары Кеңес мүшесі болған кездегідей, біз проблемалық мәселелерді еңсеруде "зиян келтірмей, көмектесу" қағидатын негізге алдық. Аталған қарар бойынша Қазақстанның ұстанымы дәйекті және өзгермейтін болып табылады", - деп мәлімдеді ол.
Смадияровтың сөзінше, Қазақстан осы қарар бойынша БҰҰ Бас Ассамблеясының бұған дейінгі сессияларында да дәл осындай ұстаным білдірген.
Қазақстан БҰҰ алаңы мемлекеттер арасындағы қарама-қайшылық орны емес, диалог пен келіссөздердің негізгі құралы болуы керек деп санайды.
"Жанжалдың одан әрі өршуіне және санкциялар алмасудың қатаңдауына жол бермей, келіспеушіліктерді еңсерудің бейбіт жолдарын іздеуді жалғастыру маңызды", - деп түйіндеді сөзін Смадияров.