Министрлік елдегі орташа зейнетақы мөлшерін атады

Sputnik
АСТАНА, 28 желтоқсан – Sputnik. 2022 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша зейнетақы төлемдерінің орташа мөлшері, базалық зейнетақы төлемін ескергенде, 108 960 теңге болды, деп хабарлайды еңбек және халықты леуметтік қорғау министрлігі.
Ведомство мәліметінше, елде 2 млн 276 мың адам зейнетақы алады.
"Осы жылдың 11 айында қазақстандықтарға 2,7 трлн теңгеден астам сомаға зейнетақы төленді. 2022 жылғы қарашада республикалық бюджеттен зейнетақы төлемдеріне 245,9 млрд теңге, оның ішінде базалық зейнетақыны төлеуге – 74,9 млрд теңге, ынтымақты зейнетақыны төлеуге – 171 млрд теңге бөлінді", - делінген хабарламада.
Министрлік, 2018 жылғы 1 шілдеден бастап мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі зейнетақы жүйесіндегі өтілін ескере отырып, әр алушыға жеке тағайындалатынын еске салды.
"2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" Заңға сәйкес жасына және еңбек сіңірген жылдарына байланысты зейнетақы төлемдерінің мөлшері 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап алынатын мөлшерден 10,5% - ке артады.
"Сондай-ақ, мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру шеңберінде ынтымақты зейнетақыны есептеу үшін қолданылатын ең жоғары табыс мөлшерін 46-дан 55 АЕК-ке дейін ұлғайту көзделген.Мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің мөлшері келесі жылы 40 567 теңгені құрайтын, яғни ең төменгі күнкөріс деңгейінің ұлғаюына байланысты, сондай-ақ ең төменгі мөлшердің ең төменгі күнкөріс деңгейінен 54% - тен 60% - ке дейін ұлғаюына байланысты арттырылатын болады", - делінген хабарламада.
Осылайша, базалық зейнетақы төлемін ескере отырып, зейнетақылардың ең төменгі мөлшері 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап 68 223 теңгеден (2022 жылы) 77 417 теңгеге дейін артады.