АСТАНА, 27 желтоқсан – Sputnik. Қостанай облысының балалар ауруханасында үш жасар бала урологиялық операциядан кейін есін жимай, комаға түсті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан "Наша газета" басылымына сілтеме жасап.
Басылымның хабарлауынша, 15 желтоқсанда 4 балаға жоспарлы ота жасалған. Дәрігерлер анестезия пайдаланған. Барлығы сәтті өтті. Бірақ екі сағаттан кейін балалар есін жимай, жата берген. Ал бірнеше сағат өткен соң дене қызулары күрт көтеріледі.
Кешке қарай үш жасар Әмірдің тыныс алуы қиындап кетті. Оған бірден реанимациялық шаралар жасалған. Артынан жансақтау бөліміне түскен, кішкентай бала әлі есін жиған жоқ.
"Мен ауруханаға сау баламды алып келдім, қазір дәрігерлердің немқұрайлығынан осындай жағдайда жатыр", - дейді Әмірдің әкесі Нұрлан.
Қалған балалар сол күні есін жиған. Ең үлкені – 4 жастағы Игорьді бір аптадан кейін үйіне жіберді.
"Олар пропофолға реакция болған шығар дейді. Тізімде ол дәрі "S.Profoli" деген атаумен тұр. Бұл препаратты наркоз кезінде еккен. Барлық инъекцияны бір ампуладан жасады. Алайда нақты ештеңе айтып жатқан жоқ", - дейді Игорьдің анасы Анастасия.
Қазіргі кезде есін жиған тағы бір бала неврология бөліміне жатқызылды, үшіншісі пневмониядан ем алып жатыр. Әмір ғана есін жиған жоқ.
Әкесінің айтуынша, диагнозда "Мидағы қан айналымының бұзылуы. Уытты энцефалопатия" деп жазылған. Алайда интоксикация неден басталғаны белгісіз.
Әмірдің әкесі денсаулық сақтау басқармасына арыз түсірген. Олар медициналық және фармацевтикалық бақылау департаментіне жіберген. Сондай-ақ ер адам прокуратураға шағым жазды.