АСТАНА, 26 желтоқсан – Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ТМД елдерінің қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастығы зор маңызға ие екенін атап өтті. Бұл туралы ол Санкт-Петербургте ТМД елдерінің бейресми саммитінде мәлімдеді, деп хабарлайды РИА Новости.
"Қауіпсіздік саласындағы өзара іс-қимылдың маңызы зор. Қазақстанның төрағалығымен қабылданған 2023-2025 жылдарға арналған терроризм мен экстремизмге қарсы күрестегі ынтымақтастық бағдарламасы осы міндеттерге жауап береді", - деді президент.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, ұйымды заманауи жаһандық шынайылыққа бейімдеу үшін "оның әлеуетін жетілдіру, халықаралық аренадағы Достастық ұстанымдарын нығайту қажет".
"Жақын арада ТМД жанындағы бақылаушы және Достастық әріптесі институттарын құру бойынша құжаттарды дайындау басталады", - деп қосты ол Санкт-Петербургтегі ТМД елдері мемлекет басшыларының бейресми отырысында.
Еске салсақ, бүгін Санкт-Петербургте ТМД елдерінің бейресми саммиті өтіп жатыр. Кездесу Ресей президенті Владимир Путиннің бастамасымен ұйымдастырылды.
Саммитте ТМД-дағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелері талқыланады. Мемлекет басшылары жылды қорытындылап, ынтымақтастықтың басым бағыттары бойынша пікір алмасады.
Жиынға Қазақстан, Ресей, Әзербайжан, Беларусь, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан және Өзбекстан президенттері, Армения премьер-министрі қатысып жатыр. Саммит 26-27 желтоқсанда өтеді. Бұған дейінгі бейресми саммит те 7 қазанда Санкт-Петербургте өткен болатын.