АСТАНА, 26 желтоқсан – Sputnik. Биыл республика бойынша президент шыршасына 4 мыңнан астам оқушы қатысты. Әрбір қатысушы бағалы сыйлық немесе 100 мың теңгелік сертификат алды, деп хабарлайды оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі.
Мерекелік шара еліміздің барлық қаласы мен облыс орталығында өтті.
Биылғы жаңажылдық шыршаның тақырыбы "Қош келдің, Жаңа жыл – жаңа белес, жаңа арман!" болды.
"Биыл шыршаға 9-13 жас аралығындағы 200 бала шақырылды. Еліміз бойынша кешке қатысқандардың жалпы саны 4 мыңнан асты", - деді оқу-ағарту министрлігі тәрбие жұмысы және қосымша білім беру басқармасы басшысының міндетін атқарушы Аман Сейітов.
Олар оқу үздіктері, түрлі конкурстар мен олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері, жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан балалар, сондай-ақ оқуда, спортта, шығармашылықта немесе қоғамдық өмірде жетістіктерге жеткен дарынды балалар.