АСТАНА, 26 желтоқсан — Sputnik. Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров тарифті өзгерту мәселесі бойынша заңға енгізілген түзетуді түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бүгін сенатта "Табиғи монополиялар туралы" заңға бірқатар түзету енгізу мәселесі қаралды. Атап айтқанда, табиғи монополиялар субъектілері қызметкерлерінің еңбекақысын орташа деңгейге дейін арттыру, цифрландыру арқылы тариф белгілеу процесін барынша ашық жүргізу шаралары бар.
Тарифті белгілеу тәртібін де өзгерту ұсынылып отыр. Мәселен, кәсіпорын технологиялық циклде пайдаланылатын желілер мен мүліктерді балансқа және сенімгерлік басқаруға алған жағдайда тарифтің қолданылу мерзімі өткенге дейін оны өзгерте алады. Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың айтуынша, осы норма күшіне енсе, монополист тарифті жайдан-жай көтере алмайды, нақты шектеулер болады.
"Әрине, шектеулер болады. Біз әрбір субъект пен өңір бойынша тарифтерді көтеру туралы ұсыныстарын жан-жақты зерделейміз. Өзіміз қараймыз, одан кейін қоғамның талқылауына шығарамыз. Әлеуметтік мәселелерді ескереміз", - деді Қуантыров сенатта өткен брифингте.
Айта кетері, келесі жылдың екінші жартысында әрбір өңірдегі инженерлік желілердің тозуына қарай тарифтер 20-30 процентке көтеріледі.