Өскеменде өрт сөндірушілер 4 адамды құтқарып қалды

Sputnik
АСТАНА, 25 желтоқсан – Sputnik. Бүгін түнде Өскеменде Назарбаев көшесіндегі жеке тұрғын үйден өрт шығып, өрт сөндіру қызметкерлері дереу оқиға орнына жетті. Бұл туралы облыстық ТЖД баспасөз қызметі хабарлады.
Қою түтін басқан үйден алдымен екі тұрғынды алып шықты. Құтқарылғандар үйде басқа да адамдар бар екенін хабарлаған соң, тағы екі адам құтқарылды.
"Оқыс оқиға кезінде барлығы 4 адам құтқарылды: 1987 жылы туған бір әйел, 1974, 1982 және 1988 жылы туған үш ер адам. Дәрігерлер зардап шеккендерді тексерді, олар ауруханаға жатудан бас тартты", - деп жазылған баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.
90 шаршы метр аумақтағы өрт толығымен жойылды. Өрттің шығуына отпен жасалған абайсыз әрекеттер себеп болған.
Сөндірілмеген темекінің кесірінен веранда өртеніп, кейін жалын үйдің шатырына жайылған. Өртті сөндіруге барлығы 19 адам мен 5 техника жұмылдырылды.