БҚО-да алты сүт фермасы ашылады

Шаруа қожалықтарының иелері өңірді сүт өнімдерімен толық қамтамасыз етуге қауқарлы екендерін айтты
Sputnik
АСТАНА, 25 желтоқсан – Sputnik. Батыс Қазақстан облысында 6 сүт фермасын ашу жоспарланып отыр. Тиісті басқарма өкілдері бұл бағыттағы жұмыс келесі жылы басталатынын айтты, деп ақпарат таратты "Хабар 24" телеарнасы.
Жергілікті шаруалар өңірді сүт өнімдерімен қамтамасыз етуге қауқарлы екендерін айтты. Қазір аймақтағы дүкн сөрелерінде импорттық өнім басым.
"Өз кәсібімді ет шаруашылығынан бастағанмын. Бірақ, жергілікті жағдай сүт шаруашылығына көбірек икемді. Қазір қала маңындағы ауылда иелігімде 100-ге жуық асыл тұқымды сиыр бар. Қыс уақытында 25 сиыр сауылады. Тәулігіне 500 литр сүт сауылады және барлық шаруа адам күшімен орындалады", - дейді шаруа Эльдар Әлиев.
Оның айтуынша, үй өнімі қала тұрғындары арасында үлкен сұранысқа ие. Шаруа қожалығы қаладан бірнеше дүкен ашқан. Ол жақта сүт қана емес, ірімшік, сүзбе, қаймақ, сарры май мен айран да сатылады. Ауыл тұрғыны отандық өнім импорттың орнын алмастыра алатынына сенімді.
Айта кету керек, былтыр өңірде "сүт белбеуін" дамыту тұжырымдамасы бекітілді. Жоба аясында шаруаларға жеңілдетілген кредит ұсыну арқылы сүт-тауар фермаларын салу көзделіп отыр.
"Ресей мен Беларусьтен жеткізілетін сүт өнмідері импортын қысқарту жобаның мақсаты болып табылады. Жоба бойынша 6 сүт-тауар фермасы қарастырылған. 4 процент бойынша кредит беріледі. Жұмыстар келесі жылы басталады. Екі жыл ішінде жобаны жүзеге асырамыз", - деді Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Арман Өтеғұлов.
Өңірде мал шаруашылығына басымды бағыт берілген. Егер, 10 жыл бұрын облыста небәрі 80-ге жуық агроқұрылым болса, қазір олардың саны 800-ге жетті. Ауыл шаруашылығын қолдауға мемлекет тарапынан бөлінетін қаржы көлемі де артты.
Биылғы жылы бұл мақсатқа 22 миллиард теңге бөлінді.