Ұшақтағы бомба туралы хабарлаған Астана тұрғынының бас бостандығы шектелді

Sputnik
АСТАНА, 24 желтоқсан – Sputnik. Астана қаласы Есіл ауданының соты ұшақта бомба қойылғаны туралы хабарлаған Н. есімді азаматқа қатысты істі қарап, үкім шығарды.
Анықталғандай, 2022 жылдың 1 қазанында Н. өз үйінде болған кезде оған әпкесі хабарласып, Астана – Талдықорған бағытындағы рейске тіркелуге үлгермегенін, сондықтан оны ұшақ бортына жібермей жатқанын айтқан.
Содан кейін Н. әуежайға телефон соғып, әпкесін бортқа отырғызуды талап еткен, бірақ оның бұл талабы орындалмағандықтан ол ашуланып, рейсті кідірту мақсатында ұшаққа бомба қойылғаны туралы әдейі жалған хабар берген, деп хабарлайды қалалық соттың баспасөз қызметі.
Сотталушының кінәсі сотқа дейінгі тергеу сатысында анықталған дәлелдер жиынтығымен расталды.
Көліктегі полиция департаментіне, Жетісу облысы төтенше жағдайлар департаментінің өрт сөндіру және апаттық құтқару жұмыстары қызметіне және Алматы облысының полиция департаментіне келтірілген залалды сотқа дейінгі тергеу барысында айыпталушы толығымен өтеді.
Сотталушы істің мән-жайына қарсы пікір білдірген жоқ, бірақ өзінің әрекетін Қылмыстық кодекстің 273-бабымен саралаумен келіспейтінін айтып, соттан оны ақтауды сұрады.
Сот Н. есімді азаматты Қылмыстық кодекстің 273-бабында (Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау) көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танып, оған жазаның бүкіл мерзіміне пробациялық бақылау белгілей отырып, 2 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан шектеу жазасын тағайындады.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.