Ақтауда мысықтың басына секірген ер адамға қатысты үкім қайта қаралды

Sputnik
АСТАНА, 24 желтоқсан – Sputnik. Ақтау қалалық соты мысықтың басына секірген ер адамға қатысты шешім шығарды.
23 желтоқсанда Ақтау қалалық сотында О. есімді азаматқа қатысты қылмыстық іс қаралды. Анықталғандай, 4 қазан күні сағат 22:00 шамасында Ақтау қаласының тұрғыны бөтен адамдардың көзінше қасақана марғаудың үстіне секіріп, оған дене жарақатын келтіріп, сосын оны жақын маңдағы саябаққа лақтырып жіберген. Кейінірек мысықтың өліп қалғаны белгілі болды.
Сотталушының кінәсі жауап алу хаттамасымен, бейнекамераға түсірілген бейнежазбамен, мал дәрігерінің қорытындысымен дәлелденді.
35 жастағы сотталушы сот отырысында өз кінәсін толық мойындап, бас бостандығынан айырумен байланысты емес жаза тағайындауды сұрады.
Сот ер адамның шын жүректен өкінуін жеңілдететін мән-жай деп таныды. Сот үкімімен азамат Қазақстанның Қылмыстық кодексінің 316-бабының 3-бөлігінің 5-тармағында көзделген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Сотталушының алты ай мерзімге бас бостандығы шектелді. Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Айта кетсек, осы жылдың қазан айында Ақтау соты ер адамды 60 сағат қоғамдық жұмысқа тарту туралы үкім шығарған еді. Алайда қоғам белсенділері үкімді тым жеңіл деп санап, оның қайта қаралуын талап етті.