АЛМАТЫ, 23 желтоқсан – Sputnik. Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласына жұмыс сапарымен барып, қаңтар оқиғасының құрбандарына арналған "Тағзым" мемориалының ашылу рәсіміне қатысты, деп хабарлайды президенттің баспасөз қызметі.
Президент стеллаға гүл шоғын қойып, қаңтар оқиғасында қаза тапқан азаматтарды бір минут үнсіздікпен еске алды.
Президент сол күндері халқымызға зор қауіп төніп, мемлекеттігіміздің тұғыры шайқала жаздағанын атап өтті.
" Бірқатар қалада өткен бейбіт шерулер жаппай тәртіпсіздікке ұласты. Әсіресе, тәуелсіздігіміздің алтын бесігі – Алматы қаласы қатты зардап шекті. Қарақшылар қаланы қиратты. Күштік құрылымдарға шабуыл жасап, қару-жарақ қоймаларын тонады. Соның кесірінен жазықсыз адамдар опат болды. Қираған дүниені қалпына келтіруге болады. Бірақ үзілген өмір қайта жалғанбайды. Мұндай оқиға ешқашан қайталанбауы үшін біз қолдан келгеннің бәрін жасап отырмыз,"– деді мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев қаңтар қасіреті ел тарихындағы үлкен сынақ ретінде халқымыздың жадында сақталатынын атап өтіп, Алматыда "Тағзым" мемориалын орнатуды жөн көргенін жеткізді.
"Бұл мемориалды қаңтарда қаза болған азаматтардың рухына тағзым ретінде тұрғыздық. Сондай-ақ оны кейінгі ұрпаққа тағылым болсын деп орнаттық. Мен осы мемориалдың бой көтеруіне атсалысқан сәулетшілерге және барлық азаматтарға ризашылығымды білдіремін", – деді президент.
Президент принял участие в открытии мемориала "Тагзым"
© Photo : Пресс-служба президента Казахстана
Мемлекет басшысы мыңдаған отандасымыздың – волонтерлердің, дәрігерлер мен полицейлердің және қарапайым адамдардың қаңтар оқиғасы кезінде шынайы батылдық пен жоғары азаматтық жауапкершіліктің үлгісін көрсеткенін айырықша атап өтті.
Президент принял участие в открытии мемориала "Тагзым"
© Photo : Пресс-служба президента Казахстана
"Тағзым" мемориалы қаңтар оқиғасының эпицентрі болған жерде салынды. Бұл ескерткіш әртүрлі түстен тұратын төрт эмоционалды-архитектуралық бөлікке бөлінеді. Әр бөлікте халқымыздың ұлы тұлғаларының қанатты сөздері жазылған тастар мен стеллалар орнатылған.
Жобаның авторлары – қазақстандық жас сәулетшілер Алексей Ивженко және Ғайни Сағидуллаева.