Қоғам

2025 жылдан бастап елімізде жол салу оңайырақ болады

Sputnik
АСТАНА, 23 желтоқсан – Sputnik. Келесі жылы "ҚазжолҒЗИ" АҚ нормативтік-техникалық құжаттардағы сәйкессіздіктерді, қайталанатын ережелерді анықтап, өзектілігін жоғалтқан нормативтік құжаттарды жояды. Нәтижесінде жол құрылысы саласын 100-ден аспайтын нормативтік құжат қана реттейді.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі баспасөз қызметінің ақпаратынша, Қазақстанда жол құрылысы саласын 1200-ге жуық нормативтік құжат реттейді. Олардың басым көпшілігі қайталанып, бір-біріне қарама-қайшы келіп жатады.
"Құжаттардың артық көлемі мен олардың реттелмеуі өзара басымдылықты анықтауды қиындатады, ал қарама-қайшылықтар, қайталанулар және ескірген нормативтер жағдайды одан сайын ушықтырып, жолдарды жобалау мен олардың құрылысы барысында көптеген қателіктерге алып келеді", - дейді министрліктегілер.
Осыған байланысты биыл күзде индустрия министрлігі салалық нормативтік базаны жүйелі реформалауға көшті.
2023 жылы "ҚазжолҒЗИ" АҚ нормативтік-техникалық құжаттардағы сәйкессіздіктерді, қайталануларды анықтау, сондай-ақ талап етілмеген және өзектілігін жоғалтқан нормативтік құжаттарды жою бағытында жұмыс жүргізеді.
"Жұмыстың нәтижесі бойынша 100-ден аспайтын нормативтік құжаттан тұратын мүлдем жаңа құрылым жасалуға тиіс. Аталмыш іріктеу салалық ережелермен жұмыс істеу уақытын қысқартады, сондай-ақ жолдарды жобалау мен олардың құрылыс сапасын жақсартады деп күтілуде", - дейді ведомство.
Мәселен, Қазақстанда битум тұтқыр затты сынау әдістері бірден 12 стандартпен реттеледі. Оңтайландыру аясында олар тек бір құжатқа енгізіледі.
Қазір ғылыми-зерттеу институты нормативтік-техникалық құжаттаманы жетілдіру бойынша жұмысқа кірісті. Бүгінде "жобалау", "құрылыс", "пайдалану" және "жол саласының экономикасы" бағыттары бойынша 4 сараптамалық топ құрылды. Аталған топтарда ғалымдар нормативтерді өзектендіру мен қысқартуға баса назар аударады. Әрбір тармақ бойынша мүдделі тараптармен талқылау үшін ұсынымдар жасалады. Тиісті шақырулар барлық жобалық және мердігерлік ұйымға, сондай-ақ "Атамекен" ҰКП мен мемлекеттік органдарға жолданды.
"Шешім жеке-дара қабылданбайды. Бұл мәселені талқылау барысында ешкімнің пікірі назардан тыс қалып қоймауын көздеп отырмыз. Нәтижесінде Қазақстанда бірыңғай нормативтік база пайда болуға тиіс, ол веб-сайттардың құрылымына ұқсас болады. База ақпараттық жүйе ретінде қалыптастырылады. Сұраққа жауап іздеу үшін маманға енді барлық салалық стандартқа жүгінудің қажеті жоқ. Ол үшін базадағы қажетті бөлімді таңдау жеткілікті. Сонымен қатар қағаз нұсқасын жасау да жоспарда бар", – деді "ҚазжолҒЗИ" АҚ вице-президенті Ерік Әмірбаев.
Оның айтуынша, жол саласы дамыған мемлекеттердің, оның ішінде Қытай, Түркия, Германияның тәжірибесі негізге алынады. Айта кетері, бұл елдерде нормативтік құжаттардың негізі болатын нұсқаулықтар қолданылады.
Жұмыс аясында барлық нормативтік базадан "ұсыныс" терминін алып тастау жоспарланып отыр.
Институт мамандары жол саласында оны қолданбаған дұрыс деп санайды.
"Жолшылардың жұмыс сапасын жақсарту және жеңілдету үшін ұсыныстардың орнына нақты нұсқаулықтар болуы керек", - деп есептейді мамандар.