Ресей нарығынан кеткен шетелдік компаниялар Қазақстанға ауысуы мүмкін

Sputnik
АЛМАТЫ, 22 желтоқсан - Sputnik. Геосаясы ахуалға байланысты Ресей нарығынан кеткен 362 шетелдік компаниямен Қазақстан келіссөздер жүргізіп жатыр, деп мәлімдеді сыртқы істер министрінің орынбасары Алмас Айдаров орталық коммуникациялар қызметі брифингінде.
Қазіргі таңда 62 компания өз кәсібін Қазақстанда жүргізетін болды.
"Ресей экономикасына қатысты іс-қимылдар мен санкциялар жарияланғаннан бері 362 компанияны анықтадық, олар Ресейде нарығында қызметтерін тоқтату туралы ашық дереккөздерде жариялаған. 362 компания – бұл өз қызметін Ресейде жүргізген және біз қызығушылық танытып отырған шетелдік компаниялар. Наурыз айынан бастап біз осы брендтердің бас компанияларына Қазақстанға шығу туралы ұсыныс жасадық. Бүгінгі таңда 62 компания Қазақстанды өз бизнестерін дамытатын орын етуге дайын екендігін айтып, оң жауап берді", – деп хабарлады орталық коммуникация қызметінің брифингінде Алмас Айдаров.
Келісімге келген 62 компанияның қатарында австралиялық Fortescue компаниясы, электрондық басқару және автоматтандыру жүйелерін шығаратын американдық Honeywell бар. Сондай-ақ TikTok Қазақстанда өңірлік кеңсе ашты, enriver өз кеңсесі мен француздық Alstom сервистік орталықтарды Қазақстанға көшіреді.
Алмас Айдаров таргеттелетін компаниялардың тізімі толықтырылып жатқанын атап өтті. Алайда кейбір шетелдік компаниялар ұсыныстан бірден бас тартып немесе Қазақстанның даму үрдісін бақылайтындықтарын айтқан.
Алмас Айдаровтың айтуынша, Қазақстанда қызметін жалғастыратын шетелдік компаниялар үшін арнайы жағдай жасалмайды, олар Қазақстанның жалпыға бірдей заңымен жұмыс істейді.