Саясат

Өзбекстанға барған Тоқаев: тату көршілікке негізделген қатынасты жаңа деңгейге көтереміз

Қазақстан мен Өзбекстан – Орталық Азиядағы ең ірі сауда серіктестері. Биыл сауда айналымы 35 процентке өсіп, 5 миллиард долларға жуықтады
Sputnik
АСТАНА, 22 желтоқсан – Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Өзбекстан басшысы Шавкат Мирзиёев шағын құрамда келіссөз өткізді, деп хабарлады Ақорда.
Тоқаев алдымен Шавкат Мирзиёевке ризашылығын білдіріп, қонақжайлығы үшін алғысын айтты. Сондай-ақ, мемлекеттік сапардың маңыздылығын ерекше атап өтті.
"Біз Өзбекстанмен ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүдделіміз. Қазақ пен өзбек – ежелден достығы мызғымас, сыйластығы жарасқан бауырлас халықтар. Екі елдің салт-дәстүрі, мәдениеті, тілі, діні ұқсас. Тарихы тамырлас, тағдырлас елдеріміздің мақсат-мұраты да ортақ. Сондықтан мен бүгінгі сапарға айрықша мән беремін. Біз тату көршілікке және сенімді серіктестікке негізделген қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтереміз деп сенемін. Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы ынтымақтастық неғұрлым тығыз және табысты болса, Орталық Азиядағы ахуал соғұрлым тұрақты болады", - деді Тоқаев.
Мемлекет басшысы Өзбекстан президентінің жолдауымен танысқанын және бұл маңызды құжат осы елдің одан әрі табысты дамуына жол ашатынын жеткізді.
Шавкат Мирзиёев өз кезегінде Қазақстан президентін сайлаудағы жеңісімен құттықтап, Өзбекстанға мемлекеттік сапармен келу туралы шақыруын қабыл алғаны үшін ризашылығын білдірді.
"Сіздің бұл сапарыңыз екі ел қарым-қатынастарының дамуына тың серпін беріп, қол қойылатын құжаттар нақты іс-әрекеттерге берік негіз болады", - деп атап көрсетті Мирзиёев.
Екі елдің президенті саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салаларды кеңейту бойынша стратегиялық серіктестіктің ауқымды мәселелерін талқылады.
Бүгінде Қазақстан мен Өзбекстан – Орталық Азиядағы ең ірі сауда серіктестері. Биыл сауда айналымы 35 пайызға өсіп, 5 миллиард долларға жуықтады.