Астана - Бурабай бағытында мерекелік вагондар іске қосылды

Sputnik
АЛМАТЫ, 22 желтоқсан – Sputnik. Жаңа жыл қарсаңында "Жолаушылар тасымалы" АҚ Щучинск-Бурабай курорттық аймағына жайлы жаңажылдық электр пойызын іске қосты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан акционерлік қоғамның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Пойыз вагондарында Аяз атаға хаттарды қабылдауға арналған арнайы жәшіктер орнатылған, хаттар тікелей оның резиденциясына жеткізіледі. Мерекелік пойыз 2023 жылдың қаңтар айының соңына дейін Астана-Көкшетау бағыты бойынша күн сайын қатынайды.
Жедел пойыз елорданың "Нұрлы жол" станциясынан сағат 06:03-те жолға шығады. Елорда тұрғындары мен қонақтарына ыңғайлы болу үшін пойызға міну Астана-1 вокзалынан да қарастырылған.
Онда экспресс таңғы 6.28-де келіп, 6.57-де жолға шығады. Жолда пойыз Ақкөл, Елтай және Макинка станцияларына тоқтайды.
Вагон класына байланысты билет құны 1 800-2 400 теңге аралығында: І класс – 2 400 теңге; ІІ класс – 2 200 теңге; ІІІ класс – 1 800 теңге.