АСТАНА, 21 желтоқсан – Sputnik. "ҚазМұнайГаз" Ұлттық компаниясы (ҚМГ) 2023 жылдың қаңтарында Германияға сынамалық мұнайды жөнелту мүмкіндігін қарастырып жатыр, деп хабарлады ҚМГ басшысы Мағзұм Мырзағалиев.
Мырзағалиев Германия экономика және климатты қорғау істері министрлігінің статс-хатшысы Михаэль Кельнермен бейнеконференция өткізді. Сондай-ақ, Германияның Солшыл партиясының парламенттік тобының Бундестаг депутаты Кристиан Геркемен кездесті.
"ҚМГ ресурстары ішкі нарыққа мұнай өнімдерін жеткізу бойынша міндеттемелерді орындау үшін отандық мұнай өңдеу зауыттарын тиеуге жұмсалады. Компания мұнайының экспорттық көлемі бірыңғай жүйелік трейдерге – KMG Trading-ке жеткізіледі. Бұл бірінші кезекте Румыниядағы "ҚазМұнайГаз" зауытының қажеттіліктерін басымды түрде қанағаттандырады. Ал экспорттың қалған көлемі ұзақ мерзімді келісімшарттар бойынша сатылып жатыр. Қазақстан президентінің тапсырмасына сәйкес "ҚазМұнайГаз" 2023 жылдың қаңтарында Германияға сынамалық мұнай партиясын жіберу мүмкіндігін қарастырып жатыр", - деді Мағзұм Мырзағалиев.
Келіссөздер нәтижесінде тараптар алдағы уақытта бірлескен өзара тиімді ынтымақтастық қалыптастыруға үміт білдірді, деп жазылған ҚМГ баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Қазақстан "Дружба" мұнай құбыры жүйесі арқылы 17 миллион тонна шек бойынша Усть-Лугаға транзитпен 10 миллион тоннаға дейін мұнай айдайды. Ресей "Дружба" арқылы Германияға 20 миллион тоннаға жуық мұнай жеткізді.
Бұған дейін Германия билігі ресейлік мұнайды импорттауға тыйым салынғаннан кейін "Дружба" арқылы Қазақстан мұнайын жеткізу бойынша келісімшарт қарастырылатынын мәлімдеген.