Қазақстанда жиі сатылатын көліктер: Toyota Camry үздік ондықтан шығып қалды

Sputnik
АСТАНА, 21 желтоқсан – Sputnik. Автонарықты талдау орталығы 2022 жылдың алдын ала қорытындысын жариялады. Оған сәйкес, биыл Қазақстанда тіркелген көліктердің саны өсті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Биыл тоғыз айдың ішінде 97,8 мың жаңа автомобиль тіркеуге қойылды. Бұл өткен жылдың дәл осы кезеңімен салыстырғанда 2,1 процентке артық.
"Қаңтар айында жаңа көліктердің саудасы айтарлықтай азайды, өйткені еліміздің ірі нарықтарының бірі Алматыда төтенше жағдай кезінде көлік салондарының жұмысы тоқтап қалды. Бірқатар аймақтардағы көлік салондары қауіпсіздік тұрғысынан жұмысын тоқтатып, тауарлы техниканы көшірген жағдайлар да болды", - дейді орталық мамандары.
Қазақстандықтар тарапынан Chevrolet, Hyundai, KIA, Toyota және LADA автомобильдеріне сұраныс көп болды. Барлық сатылған көліктің 76 проценті дәл осы маркаларға тиесілі. Әсіресе, Chevrolet Cobalt, Chevrolet Nexia және Hyundai Tucson модельдеріне сұраныс жоғары болды. Ал Toyota Camry автомобильдері биыл көп сатылған 10 модельдің қатарынан шығып қалды.
Сонымен қатар, Қазақстанда сатылған әрбір төртінші Toyota "сұр импортпен" жеткізілді. Себебі ресми дилерлер 7,2 мың Toyota-ны сатқан. Ал автонарықты талдау және мониторингілеу орталығы (АТМО) деректеріне сәйкес, биыл Қазақстанда осы брендтен 9,7 мың көлік сатылған.
Осылайша, 2,5 мың көлік "сұр импорт" бойынша әкелінді. Ондайда пайдалану мерзімі екі жылдан аспайтын көліктер жеткізіледі. Сосын барлық төлемдер төленіп, ресми тіркеуге қойылады. Орталықтың болжамына сәйкес, 2022 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда сатылған жаңа көліктердің өсімі 10 процент болады.