Президент шетелдік көліктерді тіркеуге арналған заңға қол қойды

Sputnik
АСТАНА, 21 желтоқсан – Sputnik. Бүгін президент Қасым-Жомарт Тоқаев Салық кодексіне өзгеріс енгізу туралы заңға қол қойды. Соның ішінде шетелдік көліктерді жеңілдетілген тәртіппен тіркеуге арналған түзету де бар, деп хабарлады Ақорда.
Заң күшіне енгеннен кейін Қазақстанға 1 қыркүйекке дейін кірген шетелдік көліктерді бірыңғай алыммен тіркеп, заңдастыруға болады.
Оның көлемі – 200 мың теңге. Қазіргі есепке сәйкес, осы тәртіппен 300 мыңға жуық автокөлікті есепке қоюға болады.
Тіркелетін автокөліктерге үш негізгі талап қойылады:
автокөлік іздеуде болмауы керек;
кедендік тазартудан өтуі қажет;
елге 2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін әкелінген болуы шарт;
Бұған дейін ішкі істер министрлігі рөлі оң жақта орналасқан көліктерді заңдастыруға неге рұқсат берілгенін түсіндірген болатын. Шетелдік көліктерді заңдастыру алты ай ішінде жүргізіледі.
Өтінішті электронды үкімет порталы немесе мамандандырылған ХҚКО-ға барып беруге болады.