АСТАНА, 21 желтоқсан - Sputnik. Батыс Қазақстан облысы Теректі ауданының тұрғындары бюджет ақшасына салынған баспаналардың сапасына шағымданып отыр. Қабырғаларында жарық, терезе төсеніштерінде зең мен мұз пайда болды, деп хабарлайды "Астана" телеарнасы.
Бірақ халық әлі де банкке кредит төлеуі керек.
Ибатовтар отбасы кең пәтерді армандаған. Бірақ көптен күткен баспана олардың көңілін көншітпеді. Тоңып қалмас үшін амалсыздан үш бөлменің біреуінде ғана отырамыз, дейді Ақмарал Ибатова.
"Мен күніне 3-4 рет терезенің айналасын сүртемін. Өйткені суды сүртпесең, терезенің асты суға толып қалады", - дейді ол.
Батарея ең ыстық режимінде тұр, бірақ жылу жоқ. Тұрғындар жылытқыш пен электр пешін орнатуға мәжбүр. Бірақ бұл да көмектеспейді. Жылу төбедегі жарықтар мен ойықтар арқылы сыртқа шығады, дейді Медхат Ибатов.
Үй барлық стандарт0а сәйкес келеді, дейді ғимаратты салған компания.
Үш қабатты үйлер осыдан бір жыл бұрын бой көтерген, осы уақыт бойы адам болмағандықтан, жылусыз тұрған. Тұрғындардың бәрі пәтерлеріне келмейінше, жылу дұрыс болмайды, бұл физика заңы, дейді мердігерлер.
"Бірінші, үшінші қабатта тұрғындар жоқ, тек екінші қабатта да. Осының салдарынан конденсациядан жылу алмасу жоқ. Ал адамдар толықтай қоныстанған кезде плюс 21-24 градус болады", - дейді мердігер компания өкілі Жанар Шуынова.