Әлем

Минскіде Путин мен Лукашенко қауіпсіздік мәселесін талқылады

Sputnik
Кеше Минскіде жеке кездесу форматында Беларусь пен Ресей президенттері Александр Лукашенко мен Владимир Путиннің келіссөзі өтті. Қауіпсіздік басты тақырып ретінде талқыланды, деп жазды ресейлік әскери шолушы Александр Хроленко.
Жалпы екі елдің күш ведомстволары мен қорғаныс-өнеркәсіптік кешені ұзақ уақыт бойы тығыз ынтымақтастық орнатқан.
Беларусь Қарулы күштері ел президенті бастамасымен жүргізілген жауынгерлік әзірлікті шұғыл тексеру аясындағы барлық іс-шараны аяқтады. Өткен жұмада Беларусь көшбасшысы республика төңірегіндегі жағдайдың "ушығып жатқанын" баса айтты.
Бұған дейін Беларусь аумағында Беларусь Республикасы мен Ресей Федерациясы әскерлерінің маңызды бірлескен тобы орналастырылған болатын. Кеше Минскіге Ресей әскери ведомствосының басшысы Сергей Шойгу да келді. Ол бір күн бұрын арнайы әскери операция аймағындағы алдыңғы шептегі позицияларды тексеріп, негізгі жедел бағыттардың қолбасшыларымен кеңес өткізді.
Америкалық The Hill басылымы былай деп жазды: "Беларусь президенті Александр Лукашенко осы аптада Ресей президенті Владимир Путинмен кездесуі алдында Беларусь Украинамен соғысқа кіріседі деген қорқыныштың күшеюіне байланысты тым батыл әрекет етіп жатыр".
Украина Қарулы күштері Біріккен күштерінің қолбасшысы Сергей Наев 18 желтоқсанда президенттер Александр Лукашенко мен Владимир Путиннің кездесуі кезінде "Украинаға қарсы операцияға Беларусь Республикасының Қарулы күштерін кеңінен тарту" мәселелері талқыланады деп болжады.
Украина президентінің кеңесшісі Михаил Подоляк Батыстағы одақтастарын Ресейдің жаңа шабуылы қаупіне назар аударуға шақырды. Бірақ, украин әскери барлау қызметі Ресей Қарулы күштерінің "Беларусь майданын" ашуға дайындығын анықтамады. Сондықтан Украина Қарулы күштерінің Бас штабы Ресейдің Донецк, Сватовск, Лиманск және Купянск бағыттарындағы шабуылына көбірек алаңдап отыр.
The New York Times гаазеті Владимир Путиннің Ресей қорғаныс министрлігінің басшылығымен жақында өткен кездесуі үлкен шабуылға дайындықты білдіреді деп жазды.
"Беларусь армиясының арнайы әскери операцияға қосылу-қосылмауы пікірталас үшін таптырмас тақырып болып отыр. Бірақ Минск пен Мәскеу Киев режимін жоюға бірдей мүдделі. Себебі, Батыс осы екі елді Украина арқылы жоюды көздегені белгілі. Украинаның әскери іс-қимыл театрында АҚШ пен НАТО-ға қарсы күресу арқылы өздерінің болашақ тарихын, даму жолын анықтады", - деп жазды Хроленко.
Ал The American Conservative Батыстың қару-жарағы таусылғанын жазды.
Еурокомиссияның мәліметінше, тоғыз айда 100 мыңнан астам украин жауынгері қаза тапқан. Ресей Қарулы күштерінің жоғары дәлдіктегі соққылары Украина Қарулы күштерінің энергетика жүйесі, коммуникациялары мен логистикасын қиратып жатыр.
АҚШ-тың Вирджиния штатының экс-сенаторы және АҚШ армиясының полковнигі Ричард Блэк 17 желтоқсанда былай деп пікір білдірді: "Қайтыс болған украиналықтардың саны жаға ұстатады... Батыстың оңай жеңіске жететініне сендірген сыртқы саяси элита аяқ асты келген апатқа байланысты енді ядролық қаруға назар аударып отыр".
Рим Папасы Франциск қазірдің өзінде Украинадағы қақтығысты "дүниежүзілік соғыс" деп ашық айтып отыр.
"АҚШ Конгресінің Украинаға әскери көмегі бәсеңдеп барады. Бұған дейін Республикалық партия жетекшісі Кевин Маккарти Украина бұдан былай Вашингтоннан өзі қалағанша қаражат алмайтынын айтқан. Еуропаға да Украинаны қолдау қиындап барады", - деп жазды ресейлік әскери шолушы.
Әскери шолушы Александр Хроленконың Telegram арнасы.